Облыста қызылшаның зертханалық расталған 12 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың мәліметінше, қызылшаның 8 дерегі Петропавлда, екеуі Мағжан Жұмабаев ауданында анықталса, Аққайың және Жамбыл аудандарында бір-бір фактіден тіркелді.
«Қызылшаның расталған жағдайларының ішінде үшеуінде облыс тұрғындары БАӘ, Ресей және Қырғызстан елдерінде демалып, сол мемлекеттерден жұқтырып алған. Сондай-ақ вакцинацияланбаған 14 жасқа дейінгі екі науқас бала да бар. Жалпы анықталған жағдайлардың 50%-да азаматтар екпе алудан бас тартқан. Екеуінің вакцинация мәртебесі белгісіз. Қызылша — жұқпалы ауыр вирустық инфекция. Ол ауа тамшылары арқылы беріледі, шырышты қабықтарды жұқтырады, кейін бүкіл денеге тарайды», — дейді Арман Күшбасов.
Қызылшамен ауырғандардың көбі 14 жасқа дейінгі балалар болып табылады. Екі азамат 15-19 жаста болса, қалғандары 20-29 жас және 40-49 жас аралығындағылар.
Тағы оқыңыз: Мүлік салығын уақытылы төлемегендердің елден шығуына тыйым салынады