Қазақстан аумағының көп бөлігінде әлі де қалың қар сақталып, көктемгі су тасқыны қаупін арттырып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 11 наурыздағы жағдай бойынша ел аумағының 71%-ын қар басып жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Өткен аптамен салыстырғанда қар көлемі ел бойынша 15%-ға азайғанымен, Солтүстік Қазақстан облысы үшін тасқын қаупі әлі де сақталуда. Өңірде қардың едәуір қалың жиналғаны байқалады. Көктемде ауа температурасы күрт көтеріліп, жауын-шашын мөлшері ұлғайса, су тасқынының қаупі артады.
«Наурыз айында температураның күрт көтерілуі мен жауын-шашын мөлшерінің айлық нормадан 2 есеге дейін артуы мүмкін. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде қалың қар сақталған. Сондықтан су тасқыны қаупі жоғары», — деді Ерлан Нысанбаев.
Су басу қаупі ең жоғары аймақтардың бірі — Есіл өзенінің бойындағы елді мекендер. Қауіпті азайту үшін өңірде мұз кептелістерін болдырмау бағытында да белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, Қызылжар ауданына қарасты Қызылжар және Долматов ауылдарының маңында Есіл өзенінде 2 500 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да құмар ойын ойнаған шенеуніктер жұмыстан шығарылды