Солтүстік Қазақстан облысы заманауи сүт кешендерін енгізу бойынша елімізде көш бастап тұр. Бүгінде өңірде 110 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді — бұл Қазақстандағы барлық фермалардың 30%-ы. 2023–2024 жылдары республикада салынған 58 жаңа сүт кешенінің 21-і дәл осы СҚО-да іске қосылды. Биыл облыста тағы сегіз заманауи кешен пайдалануға беріледі, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты. Әкімнің айтуынша, Солтүстік Қазақстанда сүт шаруашылығында ел бойынша теңдесі жоқ екі ірі жоба қолға алынған:
«Зенченко и К» КС — 8 мың басқа арналған ірі ферма салуда. Онда тоқсан орындық «карусель» сауу қондырғысы орнатылады. Шаруашылық бүгінде Қазақстандағы ең үздік ондықтың қатарында және сүт өнімділігі бойынша 1-ші орында. «СК Агро»— 10 мың басқа арналған, Орталық Азиядағы ең ірі ферма салынып жатыр. Онда 100 басқа арналған бірегей «Карусель» сауу жүйесі қолданылмақ»,-деді өз баяндамасында әкім.
Екі жоба іске қосылғанда өңірде жылына қосымша 68 мың тонна сүт өндіріледі. Бұл облыстың жалпы өндірілетін сүт көлемінде ірі агроқұрылымдардың үлесін 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобалардың жүзеге асырылуы Солтүстік Қазақстан облысының еліміздің сүт өндірісіндегі позициясын күшейтеді. Әкімнің айтуынша, өңірдің республикалық үлесі 20%-ға дейін жетпек.
Тағы оқыңыз: Әлішер Апсалямов — «Қызылжар» футбол клубының бас менеджері

