Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі демографиялық жағдай туралы ақпаратты жариялады. Оған сәйкес, Солтүстік Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіші жоғары екен, деп хабарлайды Qazaqtan Media.
2024 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша, Қазақстанда халық саны 20 223 218 адамды құрады. Оның ішінде қала тұрғындары басым – 12 704 977 адам. Ал ауылдарда 7 518 241 азамат тұрып жатыр. Тоғыз айда халықтың жалпы өсімі ел бойынша 189 376 адамды құрады.
Жыл басынан Қазақстанда 278 мың бала дүниеге келсе, 99 мың адам қайтыс болған. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 179 мың адамды құрады.
Статистика мәліметтеріне қарайтын болсақ, Түркістан облысында бала туу көрсеткіші жоғары екен. Онда 1000 тұрғынға 25 адам, одан кейін Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласында тіркелген.
«Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында (1000 тұрғынға 11,52), Шығыс Қазақстан облысында (11,32) және Қостанай облысында (10,12) байқалды, бұл осы облыстар халқының жас құрылымына байланысты», — деп жазылған Ұлттық статистика бюросының парақшасында.
Сонымен қатар, алғашқы жарты жылдың ішінде 95 мың неке қиылып, 29 мың жұп ажырасуға арыз беріпті.
Ал көші-қонға келетін болсақ, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында елге 20 383 адам келген. Ал, елімізден сыртқа 10 201 адам қоныс аударған. Халық көбіне ТМД елдеріне көшуге ниетті. Және де осы елдерден Қазақстанға көп азамат көшіп келеді. 2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 6,5%-ға өсті, кеткендер саны 19,9%-ға азайды.
Ел ішіндегі көші-қон жайында айтсақ, азаматтар көбіне Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Алматы облысына көшеді екен.
Солтүстік Қазақстаннан жыл басынан бері 3828 адам көшіп кеткен.
Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың қанша жалақы алатындығы туралы мәліметтерді жариялаған болатын.
Тағы оқыңыз: Аққайың ауданында үш медициналық пункт салынып жатыр