Солтүстік Қазақстан облысында әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілі Алма Нұрғалиеваға қатысты іс қаралды. Ол кешкі уақытта қызметтік көлікпен дүкенге барып, жол ережесін бұзған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Отырыста белгілі болғандай, оқиға тамыз айының соңында болған. Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева кешкі уақытта қызметтік көлікпен жол ережесін бұзған. Темір тұлпарды шенеуніктің өзі тізгіндеген. Ал қасында анасы отырыпты. Кеңеске қатысқан мемлекеттік қызметші өз кінәсін мойындап отыр.
«Мен дүкеннің қасына тоқтап, көліктен шыққан кезде ғана жол ережесін бұзғанымды түсіндім. Әрине, ақталып тұрғаным жоқ. Бірақ бұл уақытта ауыр кезең болды. Төтенше жағдай режимінде күні-түні жұмыс істедік. Мүмкін шаршағандық болған шығар. Тіпті, сол күні де мен дүкеннен шыққан соң үйге бармай Петропавлдағы Бірлік шағын ауданына барып, су тасқынынан зардап шеккендерге салынған 25 үйді қабылдадым. Содан кейін кешкі 10-дар шамасында қайтадан әкімдікке жұмысқа соқтым. Мен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледім. Өз қателігім үшін жауап беруге дайынмын. Келешекте мұндай олқылықтарды жасамауға уәде беремін», — деді Алма Нұрғалиева.
Мемлекеттік көліктің жол ережесін бұзып, жұмыстан тыс уақытта дүкеннің қасында тұрғынын бәз біреулер видеоға түсіріп алған. Осы сәтте аудан әкімі ол кісімен сөйлесіп, тіпті ақша да ұсынған. Мұның барлығы кеңесте көрсетілген бейнежазбада бар. Мұны әдеп жөніндегі уәкіл Алма Нұрғалиева былай деп түсіндірді.
«Мен абдырап қалдым. Сондықтан осылай деп айтқан шығармын. Бірақ бұл видеоның толық нұсқасы емес. Шынымен де, мен аталмыш блогермен сөйлестім, ол маған видеоны ешқайда салмаймын деп уәде берді», — деді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілі.
Сөз соңында Алма Нұрғалиева өзінің 20 жылдан астам уақыттан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқанын айтты. Сөзінше, қазір әкімдікте бос жұмыс орындары көп. Және қазірдің өзінде ол екі бірдей орынбасардың жұмысын қатар алып жүрген көрінеді.
Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Қарымсақов Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиеваға қызметтік көлік пен жеке көлікті шатастырмау керектігін айтты.
«Әрине, әр адам үшін ананың орны бөлек. Бірақ қызметтік көлік ол тек жұмыс мәселелері бойынша ғана пайдаланылуы тиіс. Яғни, онда тек әріптестеріңіз ғана отыруы мүмкін. Ал сіз дүкенге нан алуға бардым дейсіз. Өзіңіз әдеп жөніндегі уәкілсіз. Сіз өзгелерге үлгі болып, осындай жағдайларды болдырмау керексіз», — деді Ержан Қарымсақов.
Отырыс барысында Қызылжар ауданының әкіміне қатаң сөгіс жариялау ұсынылды. Бірақ әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері оны қолдамады. Сөйтіп, Алма Нұрғалиеваға ескерту жасау туралы ұсыныс айтылды.
Тағы оқыңыз: 258 мың теңге: СҚО-да жемқорлық туралы хабарлаған тұрғын сыйақы алды