Солтүстікте ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар-2025» фестивалі бастау алды. Дүбірлі дода облыстың түкпір-түкпірінен келген 300-ге жуық теріскейліктің басын қосты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Фестиваль алты спорт түрі бойынша өтеді. Олар: асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, бес асық пен қол күресі және арқан тарту. Ойындардың барлығы дерлік бір мезетте өтіп жатыр.

«Ұлттық спортты дамыту — басты назарда. Бұл бағытта СҚО ауқымды жұмыс атқарып келеді. Соның бір дәлелі бүгінгі өткізіп отырған фестиваліміз. Бекзат өнерлеріміз жоғары деңгейге көтерілсе ауызбіршілігіміз нығайып, еліміз де қарыштап дамитын еді», — деді жарыстың бас төрешісі Жасұлан Әлжанов.
Дүбірлі додаға бесасықшылар көптеп жиналған. Сегіз команда келіпті. Әр құрама үш адамнан тұрады. Мергендердің басты міндеті — қолдағы сақамен қаз-қатар тізілген асықтарды шеңбер сыртына шығару.

«Бесасықпен екі жылдан бері айналысып келемін. Аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазымын. Республикалық додаларға қатыстым. Болашақта өзімнің жерлесім Сәния Әскер сияқты чемпион болғым келеді», деді шалақындық бесасықшы Айнұр Қайырбекова.
Айта кету керек, дүбірлі дода ертең өз мәресіне жетеді.
Тағы оқыңыз: Бейбіт Исманов Қызылжар ауданы әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалды