«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жыл соңына дейін жүргізушімен автокөлікті жалға алуға тоғыз миллион теңге жұмсайды. Бұл туралы ақпарат мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланған жеңіл автокөліктерді жалға алу бойынша лоттарда көрсетілген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі Liter.kz сілтеме жасап.
Қазақстанның мемлекеттік органдары мен ұлттық компаниялары автомобильдерді жалға алуға қомақты қаражат жұмсайды. Бұл шығындардың барлығы бюджет ақшасынан төленетіні анық.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің аппараты жеңіл автокөлікті 2024 жылдың соңына дейін 1,7 миллион теңгеге жалға алған.
«Көлік 2010 жылдан ерте емес болуы шарт. «В» санатындағы жүргізуші куәлігі және кемінде үш жыл жүргізуші өтілі бар жүргізушімен, сондай-ақ 2024 жылы қолданыстағы техникалық тексерумен ұсынылуы тиіс. Сақтандыру полисінің болуы міндетті. Төлем ай сайын төленеді», — деп жазылған техникалық сипаттамада.
Көлікті пайдалану мен жоспарын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы белгілейді.
Машина аудандағы ауылдарды аралауға арналған. Барлығы — 8500 шақырым жол. Лотты «П. В. Илюшенко» ЖК жеңіп алған.
Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында миллиондаған қаржыға автокөліктер жиі жалға алынатын сыңайлы. Бірнеше облыста сомалар 10 миллион теңгеге дейін жетеді.
Мәселен, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жүргізушімен автокөлікті жалға алуға тоғыз миллион теңге жұмсайды екен.
«Қызмет көрсету мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Қызмет көрсету кестесі жұмыс күндері таңғы 8:00-ден 23:00-ге дейін, сенбі-жексенбі жұмыс кестесі 09:00-ден 19:30-ға дейін. Жүргізушімен бір автокөлікті жалға алудың айлық мөлшерлемесі ҚҚС есептемегенде бір миллион теңге», — делінген сипаттамада.
Темір тұлпар 2021 жылдан ескі болмауы, түсі ақ, қара немесе сұр болуы керек. Жол талғамайтын көлік болуы шарт деген талап тағы бар.
«Жұмыс кестесі аптасына жеті күн болғанына қарамастан, жүргізуші жолдарды жақсы біліп, ұқыпты және тапсырыс берушінің қызметкерлері мен серіктестеріне мейірімді болуы керек», — деген шарт тағы бар.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі: Қаланың атауын өзгерту дәл қазір өзекті мәселе емес