Ұстаз болу — жүректің батылдығы. Петропавлда ұрпақ келешегін кемел, ел ертеңін нұрлы қылатын мұғалімдердің төл мерекесі кең көлемде аталып өтілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының концерт залы өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған педагогтерге лық толды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Ұстаз — әрдайым қадірлі және қастерлі тұлға болып саналады. Ұстаз болу тек кәсіп емес, білім және тәрбиеге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Еліміздің болашағы жастарды жақсылыққа баулуда мұғалімдердің қосатын үлесі орасан зор. Баршаңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Шарада алғаш болып Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Кәмшат Әбішева құрметке бөленді. Ұстазға жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіне қосқан елеулі үлесі үшін Оқу-ағарту министрлігінің атынан «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. Білім беру саласында 20 жылдан астам уақыт жүрген жанның қуанышында шек жоқ.

«Мен қайтадан таңдау болса, ұстаздық жолды таңдар едім. Кішкентай кезімнен бастауыш сыным мұғалім болуды армандадым. Себебі, кішкентай балаларды қатты жақсы көремін. Бұл марапатты алу үш ұйықтасам да түсіме кірмеді», — деді марапат иесі.
Білім саласына саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздардан бастап, жас мамандарға дейін мерекелік басқосудың қадірлі қонағы болды. Салтанатты шарада 50-ден астам ұстаз түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Ұстаздар қауымына жергілікті және астаналық өнерпаздар әсем әнмен шаттық сыйлады.
Тағы оқыңыз: Астанада СҚО тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді