Солтүстікқазақстандық жеті құтқарушы «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Елімізде төтенше жағдай бола қалса алғы шепте жүретін қызметкерлер ол – құтқарушылар. Алайда, бұл қызметкерлердің еңбекақыларымен әлеуметтік жағдайлары көңіл көншітпейді. Сол себепті де, Қазақстанда ТЖ қызметкерлерінің мәртебесін көтеру шаралары қолға алынған. Биыл құтқарушыларға қатысты кейбір заңдарға түзетулер енгізіледі деп күтілуде.
«Біздің бастысы мақсатымыз — құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын көтеру. Олардың еңбекақыларын өсіріп, кезекшілік кезінде оларға тамақ үйлестіру, пәтерақыларының ақшасын төлеп беру. Тағы басқа да жағдайларын жақсарту болып отыр. Біздің министрлік өкілдері мәжіліс депутаттарымен қоян-қолтық жұмыс жасап жатыр. Республикалық бюджет бойынша бұл өз қолдауын алды», — деді ҚР қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті басқармасының бастығы Әрлен Бүркітбай.
Кездесу барысында облыстың 7 үздік құтқарушысы «Мінсіз қызметі үшін» медальімен марапатталды. Солардың бірі — Сырым Қалиев. Ақжар ауданының ТЖБ бас маманы бұл салада 18 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол Көкшетау қаласындағы М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының түлегі.
«Өзім мектеп кезімнен құтқарушы мамандығына қызығатынмын. Солайша осы мамандықты таңдадым. Жұмыста түрлі оқиғалар болады. Дегенмен, басты міндетіміз адамдарды құтқару екендігін ешқашан ұмытқан емеспін», — дейді Сырым Қалиев.
Өңірге жұмыс сапарымен келген ақпараттық-насихаттау тобы мектеп оқушыларымен де кездеспекші. Осылайша, олар балаларды құтқарушы мамандығының қыр-сырымен таныстыруды жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз:Петропавлда микроавтобусты мас жүргізуші басқарған