Жыл соңына дейін Солтүстік Қазақстан облысында үш теміржол станциясы – Саумалкөл, Тайынша және Новоишимкада – күрделі жөндеуден өтеді. Бұл тапсырманы Премьер-министр Олжас Бектенов берді. Жөндеу жұмыстары жақын арада басталады, мердігер ұйымдар анықталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Белгілі болғандай, жаңғырту жұмыстары вокзал ғимараттарын, платформаларды және инженерлік желілерді қамтиды. Жаңа бейнебақылау камералары мен жарықтандыру құрылғылары орнатылады, заманауи күту залдары мен интернетке қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, вокзал алдындағы аумақтар ретке келтіріліп, автотұрақтар жасақталады.
Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы теміржол станциясы 1966 жылы салынған. Соңғы рет 2012 жылы жөндеуден өткен. Қазіргі уақытта ғимарат пен платформаны толықтай қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстарын «KAZSTTROY-SK» ЖШС жүргізеді. Қайта құруға 30-ға жуық жұмысшы мен алты техника дайын.
«Ғимарат толық жаңартылады. Шатыр ауыстырылып, әрлеу жұмыстары жүргізіледі, ұзындығы 340 метр болатын заманауи платформа салынады. Сондай-ақ автотұрақ пен жолаушыларға арналған демалыс аймағы пайда болады. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталады», — деп мәлімдеді облыстық әкімдік.
Новоишимка ауылындағы вокзал ғимаратына шамамен 60 жыл болған. Қазіргі таңда оның жағдайы апатты күйде. Мұнда күн сайын екі пойыз өтеді. Перрон ұзындығы бар болғаны 350 метр, ал қажеттілік кемінде 550 метр.
«Биыл станция толық қайта жаңартылады. Ғимарат, платформа мен жолдар жөнделіп, бейнебақылау мен жарықтандыру орнатылады. Сонымен қатар вокзал алдындағы аумақ та жаңғыртылады. Вокзал ірі теміржол торабы мәртебесіне ие болады, өйткені мұнда жанар-жағармай, астық және құрылыс материалдары тасымалданады», — деп қосты әкімдік өкілдері.
Тайынша қаласында да жөндеу жұмыстары басталады. Басқа станциялардағыдай мұнда да ғимарат, инженерлік желілер мен платформа жаңартылады. Барлық жұмыс заманауи стандарттарға сай жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, жөндеуден кейін теміржол станциялары жолаушылар үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз болады. Сонымен қатар, олардың өткізу қабілеті артып, пойыздарды күтуге жайлы жағдай жасалады.
Жобалар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда. Ел бойынша жыл соңына дейін барлығы 125 вокзал жаңғыртылады деп жоспарлануда.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Есіл өзенінің деңгейі 10 см төмендеді