Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 11 жасар қызына пышақ сұғып алған анаға үкім шығарды. Бауыр еті баласын жарақаттаған келіншек алдағы алты жылын темір тордың ар жағында өткізетін болады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қайғылы оқиға былтыр күзде Уалиханов ауданының Өндіріс ауылында болған. Көпбалалы ана қызының жамбас тұсына пышақ сұғып алған. Оқушы бірден аудандық ауруханаға жеткізіліп, кейін облыс орталығындағы емдеу мекемесіне жөнелтілді. Ал бүгін СҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бауыр еті баласын жарақаттаған анаға үкім шығарды.
«Инара Ислямова ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігінің 3, 11-тармақтарымен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленсін. Ислямоваға қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы жойылып, сот залында қамауға алынсын. Жазаны өтеу мерзімі үкім жарияланған күннен бастап, яғни 2025 жылдың 18 ақпанынан есептелсін», — деді СҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әсемгүл Тоқтарбаева.

Үкім оқылып болған соң судья жиналғандарға шығарылған шешімді түсіндірді. Оның айтуынша, айыпталушы кәмелетке толмаған қызының денсаулығына ауыр зиян келтірген.
«Сот Ислямованың әрекетін адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі, материалдық жағынан тәуелді, көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірілген деп саралайды. Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған балаларының болуы ескерілмеген. Себебі, құқық бұзушылық өз баласына қарсы жасалған. Сот қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде шын ниетімен өкінуді ғана ескерді. Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ», — деді судья.
Дегенмен, сот оның кәмелетке толмаған адамға қатысты қасақана ауыр қылмыс жасағанын, яғни өз баласының денсаулығына қарсы жасаған қылмысын ескеріп, оны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«Сотталушы Ислямова, сіз ас үйге барып, пышақ алғаннан кейін тоқтамадыңыз. Осы пышақпен баланың бөлмесіне кіргенде де тоқтамадыңыз. Баланы пышақпен жарақаттап, енеңіз бөлмеге кірген кезде ғана тоқтадыңыз. Сондықтан жазаны кейінге қалдыру не төмен жазаны тағайындау мүмкін емес. Себебі, адамға, жас балаға қарсы қылмыс жасалған», — деді үкімді түсіндірген судья Әсемгүл Тоқтарбаева.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты