Солтүстік Қазақстан облысында жастарға арналған қолжетімді баспана бағдарламасы іске қосылды. 2025 жылдың 26 мамыры мен 11 маусымы аралығында «Қызылжар жастары» әлеуметтік ипотекалық бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылданады, деп жазады Qazaqstan Media.
Бағдарлама 2024–2029 жылдарға арналған және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. басымдық денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау және азаматтық қорғаныс пен энергетика салаларында еңбек етететін жандарға беріледі.
«Қатысушылар бастапқы және екінші нарықтан баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Іріктеу балдық жүйе арқылы жүргізіледі. Онда үміткердің әлеуметтік мәртебесі, отбасылық жағдайы, балаларының болуы және кәсіби тәжірибесі ескеріледі», — деп нақтылады өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ СҚОФ директоры Нұржан Әлібеков.
«Қызылжар жастары» бағдарламасы арқылы баспана алу үшін алғашқы жарна -10%-ды құрайды. Несие 19 жылға дейін берілуі мүмкін. Ал ипотекалық мөлшерлеме — 6%. Аудандарда тұратын жастар үшін үй бағасы — 10 млн теңгеден аспауы тиіс. Ал, петропавлдықтар үшін максималды сомма 15 млн теңгені құрайды.
«Бағдарламаға қатысу үшін өтініштер Петропавл қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығында (Конституция көшесі, 58А) сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін қабылданады. Сенбі және жексенбі – демалыс күндері. Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін келесі телефон нөмірлеріне хабарласуға болады: 8 (7152) 490212, 461458, 500-162», — деп нақтылады СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов.
Тағы оқыңыз: Жағажай бар, жағдай жасалмаған: Петропавлдағы Пестрое көлі қашан талапқа сай болады