Биыл еліміздегі мерекелер тізіміне «Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні» қосылды. Ол желтоқсанның 13-ші жұлдызына белгіленген. Бүгін бірнеше сала маманы құрметке бөленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты шара ұйымдастырылып, сала ардагерлері мен мамандары қошеметке бөленді. Ең алдымен жиналған қауымды облыс әкімнің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады.
«Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Бұл — маңызды әрі жауапты жұмыстарыңызға берілген жоғары баға. Сіздерге құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамның қауіпсіздігін сақтау, сотталған тұлғаларды түзу жолға салу, әлеуметтік бейімделуге жағдай жасау сынды маңызды міндет жүктелген. Өз міндеттеріңізді абыроймен атқарып жүрсіздер», — СҚО әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Кезек марапаттау рәсіміне де келіп жетті. Алдымен сала қызметкерлеріне облыс әкімінің атынын Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Ортаға шақырылған мамандардың арасында Жеңіс Елубаев та болды. Азамат қазіргі таңда №50 түзету мекемесі бастығының орынбасары қызметін атқарады.
СҚО-да Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері құрметке бөленді
«Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 22 жыл болды. Қызметімді тергеу изоляторында бастаған болатынмын. Сол мекемеде 15 жылдай тер төктім. Кейін 2021 түзету мекемесі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалдым», — СҚО бойынша ҚАЖД №50 түзету мекемесі бастығының орынбасары Жеңіс Елубаев.
Қазіргі таңда департамент өкілдері өңірімізде жазасын өтеп жатқан 2 мыңға жуық тұлғамен жұмыс істейді. Олардың білім алуларына, еңбек етулеріне жағдай жасайды. Салтанатты шарада көпшілік назарына түзету мекемелеріндегі цехтарда жасалған туындылар ұсынылды.