СҚО прокурорлары 10-нан астам заңсыз полигонды анықтады. Рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары Аққайың, Мамлют, Қызылжар аудандарында тіркелген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда лауазымды тұлғалар ҚР Экологиялық кодексінің 365-бабының 4-тармағын бұзып, облыста коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекітпеген. Аудан әкімдіктері кодекс талаптарына қайшы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және кәдеге жарату бойынша халыққа арналған тарифтерді әлі бекітпеген.
«Облыстың барлық аудандарында кодекс талаптарын бұза отырып, уәкілетті орган коммуналдық қалдықтарды қалыптастыру және жинақтау нормаларын есептеу қағидаларын қабылдамаған, ал әкімдіктердің жауапты тұлғалары қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жұмыстарын ұйымдастырмаған. Аққайың, Мамлют, Қызылжар аудандарында рұқсат етілмеген (апатты) 10-нан астам қоқыс полигоны анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ облыс әкімдігімен коммуналдық қалдықтарды қалыптастыру және жинақтау нормалары, тарифтер мен бағдарламаларды әзірлеу бойынша жол картасы бекітілді», — делінген облыстық прокуратураның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Бүгіндері заңсыз қоқыс полигондары жойылды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да математика пәні мұғалімі, логопед, дефектолог мамандар тапшы