Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы әкімшілік іс жүргізу саласында өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Кей азаматтар өздері жасамаған құқықбұзушылықтар үшін заңсыз жауапқа тартылған. Тіпті айыпталғандардың арасында қайтыс болған және ақыл-есі кем адамдар да бар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Заңдылықты сақтау мәселелері облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов төрағалық еткен үйлестіру кеңесінде талқыланды. Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов та қатысты.

Прокурорлар жүргізетін тексерістер көптеген заңбұзушылықтардың бетін ашты.

«Кейбір органдар істерді қарау кезінде мерзімді бұзады, материалдарды толық жинамайды, сондай-ақ іс қозғау мен қарау кезінде өзара келісілмеген әрекеттерге жол береді. Заңдылық бұзылған жағдайда орган ұсыныс енгізіп, оны жою шараларын қабылдауға міндетті. Бірақ іс жүзінде бұл талаптар орындалмайды», – деді облыс прокурорының орынбасары Әбу-Әли Саттар.

Оның айтуынша, 210 мың әкімшілік істің ішінен полиция тек 112 жағдайда ғана заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізген. Бұл жалпы көлеммен салыстырғанда өте аз.

Кеңесте жаңашылдықтар да сөз болды. Қыркүйектен бастап әкімшілік жазаның жаңа түрі – қоғамдық жұмыстар енгізілді.

«Сот оны азаматтың келісімімен 10-нан 100 сағатқа дейін тағайындайды. Құқық бұзушыларды жұмысқа жергілікті әкімдік анықтайтын ұйымдар қабылдайды. Қазіргі уақытта 52 адамға қоғамдық жұмыс тағайындалған», – деді СҚО прокуратурасының қоғам мүдделерін қорғау басқармасының аға прокуроры Ризван Юсибов.

Алайда бұл салада да олқылық бар. Петропавл мен Айыртау ауданында жұмыс орындарының тізімі бекітілсе, басқа аудандарда әлі жоқ.

Жалпы, барлық әкімшілік істердің 94%-ы полиция органдарына тиесілі. Бірақ олардың көпшілігінде қателіктер кездеседі. Мысалы, Петропавлда шілде айында қайтыс болған адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Хаттама оның өлімінен үш күн өткен соң жасалған. Басқа жағдайда полицей «қоғамдық орында мазалау» бабы бойынша да марқұмға айыппұл салған. Тағы бір мысалда — инспектор екі ай бойы қамауда болған адамды абаттандыру ережесін бұзды деп жазалаған.

«Лауазымды тұлғаларға қатысты әкімшілік істер бойынша дәлелдемелерді қолдан жасау — Әкімшілік кодекстің 416-бабының 2-бөлігімен қарастырылған құқықбұзушылық», – деп толықтырды прокурордың орынбасары.

Керісінше, кей жағдайда кінәлілер мүлде жауапқа тартылмайды. Қызылжар ауданында 29 заң бұзушылық, соның ішінде салық төлемеу фактілері жасырылған. Ал ауылдық округ әкімдері аппараттарында мүлде әрекет жоқ. Тоғыз айда бірде-бір іс қозғалмаған, дегенмен оларда 18 түрлі құқықбұзушылық бойынша өкілеттік бар. Прокурордың орынбасары мұны «коллапс» деп атады.

Кейбір істер сотта ақтау негіздерімен тоқтатылады. Есептік кезеңде мұндай 566 іс анықталған. Сот 427 жеке қаулы шығарған. Бұл жүздеген адам заңсыз жауапқа тартылғанын және олардың енді моральдық зиянды өндіруді талап етуге құқығы бар екенін білдіреді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жұмысын таңғы сегізден бастайды 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *