Солтүстік Қазақстанда иесіз қаңғып жүрген ит-мысықтарды аулап, жоюға бюджеттен 11 млн теңге бөліп отыр. Бұл сомманы облыстық қоғамдық кеңесте 2025-2027 жылдарға арналған өңір бюджетін талқылау кезінде қаржы басқармасының басшысы айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Алдағы екі жылға облыс бюджетін талқылау кезінде, қоғамдық кеңес мүшелері ит-мысықтарды аулауға арналған қаражаттың көптігіне мән берді. СҚО қаржы басқармасының мәліметінше, 2025 жылы ветеринария саласына қазынадан үш млрд теңге бөлінбек. Ал 2026 және 2027 жылдары бұл сомма 2,4 млрд теңгені құрамақ. Осының 11 млн теңгесі иесіз жүрген ит-мысықтарды ұстауға кетпек.
Елімізде жануардарды атуға рұқсат жоқ. Тек қоғамға шынымен қауіп төндіретін болса ғана, ең соңғы шара ретінде ату қолданылады. Сондықтан мамандар тек оларды уақытша ұстап, екпе егіп, зарарсыздандырып қайтадан шығарып жібереді. Яғни, облыста ит-мысықтарға арналған арнайы орын болу керек. Ол жоспарланып, тіпті ақша да қарастырылған болатын. Бірақ, су тасқыны жоспарды бұзыпты.
«Әкімдікте иттерді уақытша ұстау орнының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, бекітілді. Қызылжар ауданынан жер де дайындап қойған еді. Жоба сараптамадан өтті. Оның құны 600 млн теңге. Екі жыл ішінде салынып бітуі тиіс еді. Бірақ, су тасқыны болып, қаражаттың барлығы соған жұмсалды. Енді аталмыш жобаны 2025-2026 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр», — деді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов.
Жануарларды уақытша ұстау орны мәселені шешпейді дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Себебі, Петропавлда бүгінде жеке кәсіпкер ашқан мұндай орын бар. Бірақ, қаңғыған иттердің саны азаймаған. Ал иттерді вакциналау мен зарарасыздандыру оларды одан әрі ызаландырады деп отыр. Әрі иттерді ұстау қымбатқа түседі екен. Бір итті бір тәулік ұстау үшін жеті мың теңге кетеді. Ал бір итті ұстап, екпе салу мен зарарсыздандыруға және қалпына келтіруге 75 мың теңге кетеді.
Жиынға қатысушылар ит-мысықтарға 11 млн теңге бөлу тым көп дейді.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, облыста ит қабудың 916 фактісі тіркеліпті. Оның 411-де қаңғыған иттер тістеген. Адам өлімі мен құтыру фактілері анықталмаған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Мөңке күні» фестивалі қайта оралады