Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Буденное СК» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасын кеңейту жобасының алғашқы кезеңінде Германиядан 165 бас голштин тұқымды ірі қара әкелінді. Қарағандыға ұшақпен жеткізілген жануарлар ауылға дейін көлікпен тасымалданды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мұндағы ферма 1200 басқа арналған. Ақпан айының соңына дейін тағы 500-ге жуығы, ал көктемде Даниядан 300-ден астам мал әкелу жоспарланған. Сүт фермасы 1,5 жыл ішінде салынды. Жобаға шамамен 10 млрд теңге инвестиция құйылды.
Голштин тұқымы — сүт өнімділігі жоғары, генетикалық әлеуеті мықты, заманауи тауарлы-сүт фермаларына бейім мал. Осындай асылтұқымды ірі қараны әкелу барысында «Буденное СК» шаруашылығы шетелдік серіктестермен тығыз әріптестік орнатқан. Германия мен Даниядағы тәжірибелі компаниялармен бірлескен жұмыс малдың сапалы іріктелуіне, тасымалдау мен бейімдеу үрдістерінің талапқа сай жүргізілуіне мүмкіндік берді.
Жеткізуші компанияның көпжылдық тәжірибесі мен сенімді серіктестігі асылтұқымды малдың сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Буденное СК» кәсіпорнының мамандары жаңа малды қабылдап қана қоймай, оның жергілікті жерге бейімделуін тұрақты бақылауда ұстайды. Асылтұқымды мал — ферма табысының негізі, ал бұл табыс өз кезегінде өңірдің тұрақты дамуына серпін береді, — деді Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі Руслан Аңбаев.
Облыс бойынша ірі қара мал саны 284,3 мың басты құрайды, оның ішінде 61,4 мың бас — асылтұқымды. Оның 33 мың басы — сүтті бағыттағы асыл тұқымды малдар. Соңғы 3 жылда сүт өндірісі 15%-ға өсті».
Тағы оқыңыз: СҚО-да 2025 жылы тоғыз мыңнан астам адам қан тапсырған

