Солтүстік Қазақстандағы көпбейінді облыстық аурухананың инсульттық орталығы халықаралық марапатқа ие болды. Ел бойынша мұндай марапатты тек екі орталық қана алған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстандағы инсульт орталығы 2013 жылы көпбейінді облыстық аурухана жанынан құрылған. Қазір онда бес дәрігер пациенттерді емдейді. Орталық 15 жатын орынға шақталған. Бір жылдың ішінде облыстық ауруханадағы инсульт орталығында орташа есеппен 500 пациент ем қабылдайды.
Науқастарға инсульт кезінде көмек көрсетудегі үздік жетістіктері үшін теріскейдегі орталық Angels қауымдастығының Diamond Status жоғары марапатына ие болды. Angels дүниежүзілік қауымдастығы бүкіл әлем бойынша 8000-нан астам медициналық орталық пен ауруханаларды біріктіреді. Бірақ Қазақстанда тек екі инсульттық орталық осындай жоғары марапатқа ие болды, олардың бірі — Солтүстік Қазақстандағы орталық болып табылады.
Еуропалық инсульт ұйымы мен Angels бастамасының бағалауы инсультке көмек көрсетудің тиімділігі мен сапасын, сондай-ақ инсультпен ауыратын науқастарға күтім жасауды қамтыды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 28 адам көкжөтел жұқтырған