Қазақстан халқы ассамблеясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы үлкен форум ұйымдастырды. Шара барысында 2024 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жылға жоспарлар құрылды. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуда атқарған шараларына баға берілді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Биылғы форум экономика, бизнес, бейбітшілік пен келісімді дамытудағы мәдениет пен руханияттың рөліне арналды. Технологияның қарқынды дамуы мен жаһандану заманында Қазақстан өзінің мәдениеті мен рухани құндылықтарын сақтап қалуы тиіс. Елімізде 130-дан астам этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. 2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде Ассамблея елеулі қоғамдық институтқа айналды.
Биыл Солтүстік Қазақстан облыстық ассамблеясы біраз жобаларды іске асырды. Оның ішінде ең маңыздыларының бірі — мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу.
«Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі — мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасау. Достық үйі қазақ тілін қоғамда насихаттау жөніндегі бастамаларды іске асыруға арналған алаңға айналды. «Мемлекеттік тіл – этносаралдық қатынас тілі» ҚХА жобасын іске асыру аясында қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде «Мен қазақша сөйлеймін» айдары жүргізілуде. «Қазақтану» жобасын іске асыру жалғасуда, оның шеңберінде әртүрлі этностардың өкілдері қазақ халқының мәдениетімен, тарихымен, дәстүрлерімен, тілімен, ұлттық тағамдарымен танысады», — деп атап өтті СҚО ҚХА төрағасының орынбасары Алексей Хан.
Биыл алғаш рет «Қазақстандық этностардың сан алуандығын рухани-мәдени насихаттау» жобасын іске асыру аясында балабақша тәрбиеленушілерімен «Бабалар сөзі» атты бірқатар кездесулер өтті. Облыстық ассамблея өкілдері балаларға түрлі тілдерде ертегілер оқып, этно ойындар өткізіпті. Сегіз жастан 12 жасқа дейінгі балалар үшін үшінші рет «ҚХА-kids» лагері ұйымдастырылған. Онда болған балалар кейін ассамблеяның жас белсенділері қатарына салтанатты түрде қабылданды. Мәдениет пен әдебиетті, келісім мен тұрақтылықты ту еткен инстуттың міндеті зор.
«Бүгін біз маңызды тақырыпты талқылауға жиналып отырмыз. Мәдениет пен рухани даму — еліміз үшін маңызды бағыттардың бірі. Экономика мен бизнестің дамуына әсер етеді. Барлығымыз бірлесіп, рухани құндылықтарды сақтау қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бірлік пен тұрақтылық болмай, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Бейбітшілік пен келісім тек мемлекеттік идеология ретінде ғана емес, қоғамдық өмір мен еңбектің ажырамас бөлігі» деп атап өтті», — деді өз сөзінде СҚО ҚХА төрағасы, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Форум барысында өзінің белсенді жұмысымен, қоғамға тигізген пайдасымен көзге түскен бірқатар жандар марапатталды. «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Наиль Абраев ассамблеяның «Алтын медалі» төсбелгісін алды.
«Біздің орталықтың құрылғанына 30 жылдай болады. Біз ассамблеяның барлық шараларына белсене қатысамыз. Сонымен қатар, жыл сайын ұйымдастыратын сабантой мерекеміз, қала жұртшылығының сүйікті мерекесіне айналды. Қатарымызға жастар көптеп қосылып жатыр. Аудандардағы этномәдени орталықтармен тығыз байланыстамыз. Басты мақсатымыз — еліміздегі бейбітшілікті сақтау. Мәдени мұраны, еліміздің егемендігін, біртұтастығынын келер ұрпаққа жеткізу»,-дейді Наиль Абраев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да сот төрағасы парамен ұсталды