Солтүстік Қазақстанның Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының 5 елді мекенінде көбелек құрты қаптады. Зиянкестер жолындағы жасыл желекті түгел жайпап барады. Тіпті егіс алқаптарына дейін ауыз салған. Тұрғындар 2-3 күннен бері құрттарды жоймақ болғанымен, әзірге нәтиже жоқ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Құрттың көптігі сонша аяқ алып жүретін жер қалмаған. Жұлдыз құрттар тіпті сағат сайын көбейіп, жасыл желек атаулыны селдіреген қурайға айналдырған. Наталья Киселева 25 сотық жерге картоп еккен. Жыл сайын мол өнім алатын ол биыл еңбегім еш кетті деп налиды. Жайқалып тұрған көкөністің сабағы біртіндеп солып барады.
«Бірінші рет құрттарды жем салынған қаптан көрдім. Аса мән бермедім. Айналасы 2-3 күнде бақшадағы картоптың 20 пайызының сабағын жеп қойды», — дейді ауыл тұрғыны Наталья Кисилева.
Құрттардың қайдан келгенін мамандар да дөп басып айта алмады. Бірақ, қауіптің орасан екенін жоққа шығармайды. Жауапты органдар зиянкестерді улауға кірісті. Нәтижесі бірер күнде байқалуы тиіс.
«Қаупі өте көп. Өйткені басқа зиянкестерге қарағанда, барлық шөптерді жей береді. Арам шөптер көп. Сол жерлерге көбелек отырып, құрттар пайда болып, көбеюі мүмкін», — дейді «Фитосанитариялық диагностика және болжам орталығы» РММ филиалының жетекшісі Қабиден Сәдуақасов.
Көбелек құртттар кейбір шаруашылықтардың егіс алқаптарына да жеткен. Диқандар дер кезінде алдын-алу шараларын жүргізгендіктен оларға айтарлықтай қауіп жоқ.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі медициналық ұйымдардың бас дәрігелерімен жедел кеңес өткізді