Солтүстік Қазақстан облысы ел бойынша өлім-жітім деңгейі ең жоғары өңірлердің қатарында. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл жағдай қариялардың көп болуымен байланысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының 19 899 377 адамға жеткені жайлы ақпарат жариялады. Бұл — 1 шілдедегі есептеу бойынша. Елде ерлерден қарағанда әйелдер көбірек. Нәзікжандылар халықтың жалпы санының 51,2%-ын, ал ерлер — 48,8%-ын құрайды.
Статист мамандардың дерегінше, Қазақстанда Түркістан, Маңғыстау облыстарында туу көрсеткіші жоғары. Шымкент қаласындағы көрсеткіш те көңіл қуантады. Жалпы, елде биыл 189,5 мың сәби дүниеге келген. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында өкінішке қарай, өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі тіркелген. Бұл аталған аймақтарда қариялардың көп болуымен байланысты көрінеді. Елімізде жылдың бірінші жартыжылдығында 63,6 мың тұрғын көз жұмған.
Тағы оқыңыз: Егін жинау науқаны үшін жеңілдетілген дизель отынының бағасы төмендейді