Биыл Солтүстік Қазақстан облысында сегіз жаңа бөгет тұрғызылған. Олардың сапасы жайлы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Астана қаласында өткен брифингте облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында айтты. Сонымен қатар, көктемгі тасқын судың салдарын жоюға кеңінен тоқталып, болашақта табиғи апаттың алдын алу шаралары туралы баяндады.
«Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында сегіз қорғаныс бөгеті салынып, бекітілді. Олардың биіктігі жеті метрге дейін жетеді. Барлығы 1,5 млн тонна инертті материал жұмсалып, 158 техника жұмыс істеді», — деді өз баяндамасында облыс әкімі.
Осы орайда брифингке қатысқан тілшілер аталмыш бөгеттер болашақта тасқын су тағы қайталанса, қаншалықты шыдас береді, деп сұрады. Өңір әкімі, бөгеттердің барлығы зерттеу-сарапатама жүргізілгеннен кейін ғана салынғанын айтты.
«Су тасқыны Есіл өзенінің көтерілуінен болды. Оған қар суы мен жер асты сулары қосылды. Облыс орталығынан басқа, аудандар да зардап шекті. Судың беті қайтқасын-ақ біз бірден бөгеттерді нығайту бойынша жұмысқа кірістік. Алдымен құжаттарды әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткіздік, институттармен келісіп, олар зерттеп-зерделеді. Содан кейін ғана жұмысқа кірістік. Біз барлығын құжат, есеп бойынша істедік. Біз қорғаныш бөгеттері суға төтеп береді деген үміттеміз», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Тағы оқыңыз: Петропавл атауын өзгерту мәселесі күн тәртібінде жоқ – СҚО әкімі