СҚО әкімі: Тепличное мен Прибрежное ауылдарындағы бөгеттерді жаңалау биыл аяқталуы тиіс
Көктем келіп, қар ерігенде былтырғыдай опық жеп қалмау керек. Сол мақсатта Қызылжар ауданындағы Тепличное мен Прибрежное ауылындарында бөгеттер қайта жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Маңызды жұмыспен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жіті танысты. Мұндағы қорғаныс үйінділері бетон плиталармен нығайтылатын болады. Қос жобаның жалпы құны алты млрд теңгеден асып жығылады.
Құрылыс жұмыстары биыл көктемде басталды. Тепличное ауылындағы бөгеттің биіктігі — 7,5, ал ұзындығы 4,6 метр болады. Қазіргі таңда жер жұмыстары жүріп жатыр. Маңызды іспен 61 адам мен 34 техника айналысуда.
СҚО әкімі: Тепличное мен Прибрежное ауылдарындағы бөгеттерді жаңалау биыл аяқталуы тиіс
«Бөгеттерді қайта нығайту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Осы арқылы жүздеген отбасыны апаттан аман алып қаламыз. Елдімекеннің су астында қалу-қалмауы осы қорғаныс үйіндісіне байланысты. Былтырғы тасқын бәрімізге сабақ болды деп ойлаймын. Бірден айтайын, маңызды істі дұрыс атқармағандар жауапқа тартылатын болады»,-деді аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімі жергілікті билік өкілдеріне болуы мүмкін апатқа жүрдім-бардым дайындалуға болмайтынын жеткізді. Жоспар бойынша бөгеттерді қайта жаңарту жұмыстары 2026 жылы аяқталу керек. Алайда, облыс әкімі жыл соңына дейін мәресіне жеткізуді тапсырды.