Қазақстанда маусым айының әр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Өңірде ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті. Медицина мамандарына деген алғыс пен құрметтің ерекше көрінісі.  Мәдени шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов медицина қызметкерлерін арнайы құттықтады, деп жазады Qazaqstan Media.

Медицина – жай ғана кәсіп емес, бұл – адам өміріне жауап беретін қасиетті мамандық. Сала қызметкерлерінің  күні – осы ұлы іске бар өмірін арнаған жандарға деген ел алғысының айқын көрінісі. Ақ халатты абзал жандарды өңір басшысы сахна төрінен құттықтады. Бірқатар маманды марапаттады.

СҚО әкімі медицина қызметкерлерін төл мерекемен құттықтады
СҚО әкімі медицина қызметкерлерін төл мерекемен құттықтады

«Құрметті медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дәрігер әлемдегі ең маңызды мамандық. Өйткені, адамның денсаулығын қорғау аса жауапты іс. Сіздердің жұмыстарыңыз ерлікке тең. Ақ халатты абзал жандар күн сайын адамдардың өміріне араша түседі. Адам денсаулығы әрқашан ең жоғары құндылық болады. Ал оған қамқорлық жасауды таңдағандар зор құрметке ие», — деп құттықтады облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бүгінгі таңда елімізде медицина саласы дамып келеді. Облыстың аурухана мен емханаларына түрлі жабдықтар орнатылды. Күрделі оталар қолжетімді бола бастады. Ауылды жерлерде екі жылдың ішінде 46 медициналық мекеме тұрғызылды. Олардың барлығында мамандығын сүйетін, әрдайым көмек қолын созатын мамандар жұмыс істеп келеді.

Төл мерекелері қарсаңында облыстың 30-ға жуық медицина қызметкерінің еңбегі еленіп, түрлі марапатқа ие болды. Олардың арасында фельдшерлер, медбикелер, тәжірибелі дәрігерлер мен сала ардагерлері бар.

СҚО әкімі медицина қызметкерлерін төл мерекемен құттықтады
СҚО әкімі медицина қызметкерлерін төл мерекемен құттықтады

«Мен Аққайың аудандық ауруханасында психиатр-нарколог болып жұмыс істеймін. Зейнетке шықсам да жұмыс істеп келемін. Дәрігер болғаныма 43 жыл болды. Бұрынғы Целиноград медициналық университетін аяқтап, бірден өзім туған Солтүстік Қазақстанға жұмысқа келдім. Түрлі мекемелерде жұмыс істедім. Аудандық денсаулық саласын да басқарып, бас дәрігер болдым. Жалпы, өмірімді осы салаға арнағаныма өкінбеймін. Қазір бір қызым дәрігер. Осыған дейін бірнеше грамоталар алған елім, бүгін «Еңбек ардагері» төс белгісін берді. Дәрігер болу үшін адамда мейірім, пациенттерге жанашырлық болу керек», — дейді марапат алған Ринат Жүсіпов.

Дәрігердің ыстық ықыласы мен кәсіби шеберлігі – науқастың өмірге деген құлшынысын арттырады. Үміт отын жағатын басты күш. Сол себепті де әрбір жан үшін ақ халатты жандардың еңбегі қашанда ерекше бағаланады. Салтанатты жиында үш маман «Еңбек ардагері», жетеуі «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атағын алды. Бірнеше қызметкер «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттары да табысталды.

СҚО әкімі медицина қызметкерлерін төл мерекемен құттықтады
СҚО әкімі медицина қызметкерлерін төл мерекемен құттықтады

Салтанатты жиынның ресми бөлігі аяқталған соң, медицина қызметкерлеріне өңір өнерпаздары концерт ұйымдастырды.

Тағы оқыңыз: Петропавл ЖЭО-2 аумағында жұмысшы биіктен құлап, жарақат алды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *