Есіл өзенінің жағалауындағы құрылыс жүргізуге тыйым салынған аймақты 100 метрден 1 шақырымға дейін кеңейту туралы ұсыныспен ҚР Парламенті сенатына хат жолданды. Бұл туралы облыс әкімі Бескөл ауылындағы тасқын судан зардап шеккен халықпен кездесу барысында айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Көктемгі су тасқыны кезінде үйлері су астында қалып, зардап шеккен тұрғындардың облыс әкіміне қояр сұрақтары аз болмады. Көпшілікті баспаналарының болашағы алаңдататыны анық. Ғауез Нұрмұхамбетов көмек көрсету бойынша сұрақтарға жауап беріп, түсіндірме жүргізді.
«Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша бір жолғы төлемді жасау, баспананы беру және жөндеу бойынша ортақ ережелер қабылданған. Біз заң аясында жұмыс жасауымыз қажет. Бұл «қызыл аймаққа» да қатысты. Мен су басу қаупі бар жерден тұрғындардың көшіп кету ниетін түсініп отырмын. Дегенмен, Бескөлдегі үйлер техникалық зерттеудің нәтижесі бойынша жөнделеді немесе бұзылады», — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ Есіл өзенінің жағалауындағы құрылыс жүргізуге тыйым салынған аймақты 100 метрден 1 шақырымға дейін кеңейту туралы ұсыныспен ҚР Парламенті сенатына хат жолданды. Бұл мәселелер заңмен реттелуі керек деп атап өтті облыс әкімі.
Жалпы, Солтүстік Қазақстанда су тасқынынан 3 898 үй зардап шеккен. Оларды бағалау және техникалық зерттеу бойынша барлық жұмыстар аяқталды. 25 мамырға дейін сметалық есеп, баспананы техникалық зерттеу және бағалау бойынша құжаттамаларды беру аяқталады.
Бескөлдіктер бөгет салуды да сұрады. Ғауез Нұрмұханбетовтың айтуынша, мамандардың жобалық шешімі бойынша бөгеттер салынбақ. Барлық мәселелер өңір басшысының жеке бақылауында.
Тағы оқыңыз: «Бір жасар баланы еденге алып ұрды»: Петропавлдағы өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды