Ағымдағы жыл несімен есте қалды? Қандай жұмыстар атқарылды? Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттар алдында есеп берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Аймақ басшысының сөзінше, 10 айдың ішінде өңір экономикасы алға басқан. Ең негізгі сала ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 878 млрд 300 млн теңгені құрады. Биыл мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешеніне зор қолдау көрсетілді.
Дәлірек айтсақ, 340 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. 66 млрд теңгеге машина-трактор паркі жаңартылды. Аталған көмек пен еңбеккерлердің қажырлы еңбегінің арқасында мол көлемде астық жинадық.

«Майлы дақылдар алқабын 1 млн гектарға дейін ұлғайттық. Биыл диқандарымыз 6,5 млн тонна астық жинады. Орташа өнімділік 21,4 центнерді құрайды», — деді СҚО әкімі
Облысымыз ет пен сүт өндірісінде бірталай жетістікке жетті. Бұны марқая айта аламыз. Қазіргі таңда өңірде 2 ауқымды заманауи ферма тұрғызылып жатыр. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында 10 мың басқа шақталған, бірегей сауу қондырғысы бар кәсіпорынның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен өндіріс орны болып табылады.
Биыл облыста 68,5 тонна ет пен 334,9 тонна сүт өндірілді. 530 млн дана жұмыртқа шығарылды. Өңірде 110 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді.
Облыста ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер жетерлік. Мәселен, бүгінде аймақта 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 894 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорындар қолданысқа берілгеннен кейін 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Ғауез Нұрмұхамбетовтың сөзінше, өңірде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс атқарылған.
«Биыл халықты ауыз сумен қамту жұмыстарына 74 млрд теңге қаржы бағытталды. Оның 45 млрд-қа жуығы мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен бөлінген. Биыл 88 ауылды орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтитын төрт сорғы станциясы іске қосылды. Сонымен қатар, биыл аймақта 1100 шақырым жол жөнделді. Оның 40 пайызы — республикалық маңызы бар жолдар», — деді облыс әкімі.
Өндіріс, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет. Аймақ басшысы әр салаға жеке-жеке тоқталды. Атқарылған істі, алдағы жоспарды баяндады. Облыс әкімінің есебі жарты сағатқа созылды. Бұдан кейін депутаттар сөз алып, көкейде жүрген мәселелерді көтерді. Халық қалаулысы Владимир Эрман облыс орталығында ерекше балаларды оңалту орталығының ашылғанын қалайды. Өңір жетекшісі бұл проблема биылдан бастап қолға алынғанын айтты.
«Бұл — қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі. Ендігі жылы Петропавлда ерекше балаларды оңалту орталығы ашылады. Мекеме Смағұл Сәдуақасов атындағы №2 қалалық орта мектептің маңында бой көтереді. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Маңызды іске 550 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді», — деді өңір жетекшісі.
Алқалы жиында жол, жылу мен жарық беруді жақсарту мәселелері көтерілді. Биыл облыста 80-нен астам спорт және денсаулық сақтау нысандары бөй көтерді. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары еселеп артады.
Тағы оқыңыз: «Құлагер» ХК Алматы командасын жеңді

