Солтүстік Қазақстан облысының білім беру саласына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында өңірдің оқу-ағарту жүйесі бойынша 2025 жылдың қорытындысы шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер талқыланды. Облыс әкімі қатысқан жиында салада қордаланған мәселелер де айтылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов білім саласы – облыстағы ең ауқымды әрі жауапкершілігі жоғары бағыттардың бірі екенін атап өтті. Өңірде шамамен 100 мың бала білім алып жатыр. 17 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.
«Білім беру жүйесінің нәтижесі – тек басқарманың ғана емес, аудан-қаладағы әр мектептің, әр педагогтің күнделікті жұмысына тікелей байланысты. Ең басты көрсеткіш – білім сапасы. Бұл – болашақтың мәселесі, елдің ертеңі», – деді облыс әкімі.
Отырыс барысында Президенттің өңірлерде бюджет жоспарлау сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасы айтылды. Әкімнің сөзінше, кез келген мемлекеттік бағдарлама нақты нәтиже беріп, бөлінген қаражат мақсатты әрі тиімді жұмсалуы тиіс.
«Қабылданған бағдарламалар қағаз үшін емес, халық үшін жұмыс істеуі керек. Бюджет қаржысы рационалды пайдаланылуы тиіс. Бұл жерде цифрлық технологиялар шығынды азайтып, ашықтықты күшейтеді», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Әкім педагогтардың деңгейі көтеріліп келе жатқанымен, тестілеуде қажет деңгейден тек 54,39% маман ғана өткенін айтты.

«Бүгін әлем өзгеріп жатыр, білім де, талап та күшейді. Әр педагог күн сайын өзін дамытуы керек. 54 пайыз деген – бізге дабыл. Мұнда жүйелі әдістемелік қолдау да, жеке жауапкершілік те қажет», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ әкім Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Тайынша, Тимирязев аудандарында педагог-шеберлердің жоқтығын сынға алды.
«Заңды сұрақ туындайды: шынымен бұл аудандарда жоғары біліктілікке сай келетін ұстаз жоқ па? Әлде жұмыс дұрыс ұйымдастырылмай отыр ма? Білім бөлімдері жағдайды талдап, нақты сүйемелдеу жүргізсін. Кадр мәселесі жаңа оқу жылына дейін шешілуі керек», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Әкім халықаралық PISA–2022 зерттеуінде облыстың республика бойынша 4-орынға көтерілгенін атап өтті. Сонымен бірге креативті ойлау бағыты бойынша өңір жоғары нәтиже көрсеткен.

Алайда ол функционалдық сауаттылық бойынша жағдай алаңдататынын айтты. Оқу, математика және жаратылыстану пәндері бойынша шекті деңгейге жете алмаған оқушылар үлесі 50%-дан төмен түспей отыр.
«Бұл – бүкіл жүйеге арналған ескерту. Сапа мәселесі – тек есеп үшін емес, әр баланың тағдыры үшін маңызды», – деді әкім.
Сонымен қатар 2024 жылғы «PISA для школ» зерттеуінде 19 мектеп (8 аудан және Петропавл қаласы) барлық бағыт бойынша төмен нәтиже көрсеткені айтылды.

Осыған байланысты облыс әкімі білім басқармасы әр аудан бойынша жеке жоспар әзірлеуге тапсырма берді. Проблемалы мектептердегі білім сапасы жеке бақылауға алуды және нақты жауапты адамдар мен мерзімдер белгілеуді тапсырды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да зейнеткер өрттен қаза тапты

