Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласындағы ірі сауда орындарын аралады. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Өңірде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тұрақтандыру қоры тұрақты жұмыс істеп келеді. Өткен жылы бұл бағытқа 2,9 млрд теңге бөлініп, шамамен 13 мың тонна азық-түлік өнімі сатып алынған. Бұл көлем қала тұрғындарының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында шамамен 12 мың тонна өнім бар.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі 15 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілген. Бұл халықты қолжетімді бағада түрлі өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Барлық азық-түлік 32 сауда нүктесінде, оның ішінде Петропавл мен Бескөл елді мекендеріндегі 8 тұрақтандыру қоры арқылы сатылады. Бағаның өсуіне жол бермеу мәселесі арнайы мониторингтік топтың тұрақты бақылауында», – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, облыс бойынша азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Тағы оқыңыз:Қазақстанда кейбір шай түрлеріне уақытша санитариялық шектеу енгізілді

