Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласы мамандарын кәсіби меркелерімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Салтанатты шара барысында жыл бойы адал еңбек етіп, көзге түскен қарапайым жұмысшылар өңір басшысының қолынан биік марапаттарды алды, деп жазады мерекелік шараға қатысқан Qazaqstan Media тілшісі.
Еліміздің жетекші саласы болып табылатын ауыл шаруашылығы саласында мыңдаған адам еңбек етеді. Олар үшін жұмыс тәртібі, уақыт деген ұғым жоқ. Жыл он екі ай тұрғындарды таза табиғи өніммен қамтамасыз ету үшін тер төгеді. Қазіргі жаһандану уақытында шаруалар мен диқандардың еңбектері бағасыз.
«Биыл солтүстікқазақстандық аграрийлер үшін қиын жыл болды. Көктемгі су тасқыны , одан қалды ауа райының қолайсыздығы егін егу мен жинауға біраз бөгет болды. Бірақ, соған қарамастан біз осы жылдың орақ науқанын жақсы нәтижемен аяқтадық.
Жалпы облыста 6,2 млн тонна бидай жиналды. Орташа гектар берекелігі 18,6 центнер. Бұл соңғы 13 жылдағы үздік көрсеткіш. Мұның барлығы заманауи агротехнологиялардың арқасында мүмкін болып отыр. Өңірдің «Зенченко және К», «Салют», «Новомихайловское 2003», «Ақ жер 2010», «Саумалкөл Агро» және «Ноғайбай» , «Вагулинское» ЖШС әр гектардан орташа 42 центнер астық алды», — деп баяндады Ғауез Нұрмұхамбетов.
Аудандар арасында ең жақсы көрсеткішке биыл Аққайың ауданының диқандары қол жеткізді. 65 күнге созылған орақ науқанында шаруалар жалпы 217 мың гектарда жұмыс істеген. Оның 169 мыңы — дәнді дақылдар. Аққайыңдықтар 389 мың тонна астықты бастырған.
Елімізде аграрийлер үшін түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары бар. 2024 жылы «Кең дала 1,2» бағдарламасы арқылы 60 млрд теңгеге қаржы бөлінді. Соңғы үш жылда облысқа 7 мыңнан астам жаңа техника жеткізілген.
«Ауыл шаруашылығы саласында қайта өңдеу бағыты да жақсы дамып келеді. Мәселен, «МаслоДел» ЖШС май экстракциялық зауытының құрылысы жүргізілуде. Оның қуаттылығы 370 мың тонна майлы дақылдарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді, 120 мың тонна дайын өнім шығарады. Оның 80% — на дейін экспортталатын болады. «Зенченко және К» компаниясымен майлы дақылдарды қайта өңдеу цехының құрылысы жүргізілуде, қуаты жылына 12,8 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ, кәсіпорын сүт зауытын кеңейтеді. Жылына 36,5 мыңнан 54,8 мың тоннаға дейін сүт өңдейтін болады»,- деп жоспалармен бөлісті облыс әкімі.
Жер тырмалап дән еккен шаруалардың, мал төлдетіп сүт алған сауыншылардың еңбектері бүгін бағаланды. Оларға ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және түрлі деңгейдегі құрмет грамоталыры мен алғыс хаттар берілді. Жұмысты үйлестіріп, ауыл адамдарына екі қолға бір күрек беріп отырға басшылар да назардан тыс қалмады. Солардың бірі Есіл ауданы «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС директоры Александр Фадеев. Оған мемлекет басшысының бұйрығымен «Құрмет» ордені табысталды.
«Бүгін менің ауыл шаруашылық саласындағы 21 жыл бойғы еңбегім бағаланды. Президенттің бұйрығымен орден алдым. Мен үшін үлкен қуаныш. Ауыл шаруашылығы әрдайым сұранысқа ие сала. Бізде 160-қа жуық адам еңбек етеді. Олардың әрқайсысының еңбекгі біз үшін бағалы. Сондықтан жағдайларын жасауға тырысамыз. Сонымен қатар, серіктестіктің мүмкіндіктерін де арттыруға тырысамыз. Қазір тауарлы сүт фермасын салуға мән беріп жатырмыз. Бұл заман талабы. Оған қоса, егін шаруашылығын да ұмытпаймыз»,- дейді Александр Фадеев.
Салтанатты жиын аграрийлердің құрметіне арналған концертке ұласты.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жақын күндері жаңа май зауыты іске қосылмақ