Бүгін еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов елге оралды. Оны жерлестері теміржол вокзалында қарсы алды. Ал кейін балуанды СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов қабылдап, оған өңір жетекшісінің атынан автокөлік сыйлады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жерлесіміз Нұрқожа Қайпанов Албания астанасы Тиранада өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге қол жеткізді. Ол финалдық бәсекеде жапон балуанынан басым түскен болатын. Осылайша, 26 жастағы жерлесіміз – ел тарихында әлем чемпионы атанған екінші балуан.
«Нұрқожа Қайпанов 2019 жылы Астанада өткен әлем чемпионатының финалында күміс жүлде иеленген еді. Бірақ спортшы алған бетінен қайтпай, араға бес жыл салып, чемпион атанды. Осыған дейін балуанымыз Ризабек Айтмұқан осындай жетістікке жеткен болатын. Біз осындай спортшыларымызды мақтан тұтамыз. Нұрқожаның есімін әлі талай рет еститінімізге сенімдімін. Биік белестерді бағындыра бер», — деді әлем чемпионын құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Марат Тасмағамбетов.
Байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған жерлесімізге Марат Тасмағамбетов облыс әкімінің атынан Құрмет грамотасы мен жаңа автокөліктің кілтін сыйға тартты.
«Мен басқа өңірден келіп, Петропавлдағы спорт интернатта оқыдым. Осы жерде менің бапкерлерім жақсы болды. Ол кісілер мені барлық жарыстарға дайындап, шыңдады. Қазір Алматыда жаттығып жүрмін. Дегенмен, осы жердегі жаттықтырушыларды үнемі еске алып отырамын. Олар мені көп нәрсеге үйретті. Әлі күнге дейін қолдап жүреді», — деді еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов.
Өңір басшылығы Нұрқожадай чемпионды баптаған жаттықтырушы Аян Бейсембаевқа да алғысын білдіріп, оған үш млн теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті. Сондай-ақ чемпионның ата-анасы Аралбек Қайпанұлы мен Перизат Қанатбайқызына да СҚО әкімінің алғыс хаты берілді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда өрт кезінде 42 жастағы мүгедек әйел қайтыс болды