Солтүстікқазақстандық құтқарушылар 25-ші желтоқсанда екі өртті ауыздықтады. Екі факті де жеке тұрғын үй секторында орын алған, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропав қаласындағы Цеткин көшесіндегі жеке тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, 35 шаршы метр жер отқа оранды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 1952 жылы туған әйелді ажалдан құтқарып қалды. Зейнеткер дін аман, оған медициналық көмек қажет болмапты. От толығымен сөндірілді.
Ал екінші факті Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында болды. Жер үйдің қазандығынан өрт шығып, жалын үйдің шатырына ауысқан.
«Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалын дер кезінде сөндірілді. Құтқарушылар газ баллонын сыртқа шығарып, жарылыстың және үлкен шығынның алдын алды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі — жылыту пешін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу», — деп хабарлайды CҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да көлігіне жалған нөмір таққан тұрғын қамауға алынды