СҚО-ға Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев келді
2026 жылдың алғашқы күнінде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Өзгерістер мен толықтырулар халыққа, оның ішінде кәсіпкерлердің құлағына жету үшін облыстық әкімдік қабырғасында Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың қатысуымен жиын өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазіргі таңда жаңа Салық кодексі жер-жерде айтылып жатыр. Енгізілген өзгерістер жайлы әр қазақстандық білкге тиіс. Халықты ақпараттандыру мақсатында өңірге Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев келді.
СҚО-ға Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев келді
«Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Ашып айтсақ, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салықтардың саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Елеулі өзгерістер коопоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды», — деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев.
Қосылған құн салығының ел экономикасында маңызы зор. Оның жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген мөлшерлеме белгіленді: 2026 жылдан 5 пайыз, 2027 жылдан 10 пайыз. Бұл ретте айта кету қажет, тегін көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы, баспа түріндегі кітап шығару және археологиялық жұмыс жүргізу сынды қызметтер қосылған құн салығынан босатылады.
«Жаңа кодекске сәйкес, салықтардың саны азайды: бірыңғай жер салығы қысқартылды, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны кемітілді. Корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталады», — деді вице-министр.
Алайда, сараланған салықтық мөлшерлеме енгізіледі. Атап айтқанда, банктер мен ойын бизнесі үшін — 25 пайыз. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз мөлшерінде белгіленіп, 2027 жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме қалады. Жеке табыс салығына қатысты өзгерістер орнайды. Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев әр бағытты, әр санды тілге тиек етті.
«Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, құны 100 млн теңгеден асатын кемелерге, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкогольге, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темеаі өнімдеріне 10 пайыз акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар, жалпы құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды», — деді Ерлан Сағынаев.