Сауд Арабияда дүниежүзілік Ислам ынтымақтастығы ойындары өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада теріскейлік спортшылар бір күміс, бір қола медаль еншіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ислам ойындарында еліміздің намысын 97 спортшы қорғады. Байрақты бәсекеге 57 ел қатысты. Қазақстан құрамасы 16 спорт түрінен өнер көрсетті.
Отандық спортшылар Ислам ынтымақтастығы ойындарында барлығы 56 медаль жеңіп алды. Оның 15-і алтын, 20 күміс және 21 қола. Бұл нәтиже ұлттық құраманың жоғары дайындығын және халықаралық аренадағы тұрақты дамуын көрсетеді. Бұл дүбірлі доданы Олимпиада ойындары дайындық деп есептеуге болады.
Байрақты бәсекеде солтүстікқазақстандық спортшылар 2 медаль еншіледі. Алдымен дзюдода бақ сынаған Назгүл Маратова ел қоржынына қола медаль салды. 78 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен теріскейлік қола үшін белдесуде камерундық спортшыны жеңді.
Ал грек-рим күресінің шебері Ислам Евлоев болса финалға дейін барлық қарсыласын қоғадай жапырды. Тек ақтық сында Иран палуанына жол берді. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте жетінші орынға тұрақтады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ата-аналар арасындағы спорттық лига бастау алды

