Петропавлда оқушылар арасында Қанипа Битибаева атындағы олимпиада өтті. Оған өңіріміздің 22 оқушысы қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Әсия Баяхмет Жамбыл ауданы атынан келіп отыр. 11-сынып оқушысы осыған дейін қазақ тілі мен әдебиетінен талай сынға түскен. Алайда профессор, еліміздің еңбек сіңірген ұстазы Қанипа Битибаева атындағы олимпиадаға алғаш қатысуда.

«Ұлағатты ұстаз Қанипа Битибаеваның өмірбаянын, еңбектерін және ол кісі туралы шәкірттері жазған материалдармен таныстым. Дайындығым жақсы. Қобалжу бар. Бірақ, өзіме сенімдімін», — дейді оқушы.
Дәстүрлі олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңіске жеткен оқушы республикалық сайыста өңір намысын қорғайтын болады. Ол Өскемен қаласында 21-24 сәуір аралығында өтеді.

«Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Оқушылар эссе жазады және ауызша сұрақтарға жауап береді. Сайысты «Қызылжар дарыны» орталығы ұйымдастыруда. Оқушылардың жұмысын білікті мамандар бағалайтын болады», — деп нақтылады «Қызылжар дарыны» орталығының директоры Бақыт Ғабдуллина.
Білім саласында Қанипа Битибаеваны жаңашыл ұстаз деп таниды. Тарбағатай өңірінің тумасы профессор, еліміздің еңбек сіңірген ұстазы атағын алған. Ол қазақ мектептерінде әдебиетті оқытудың жаңа жүйесін қалыптастырған. Ұстаз 23 кітаптың авторы.

Тағы оқыңыз: СҚО-да өзен-көлдерде су деңгейі көтеріліп келеді