Биыл өңір үшін маңызды жобалардың бірі — «Жезқазған – Петропавл» республикалық тас жолының солтүстікқазақстандық бөлігін жөндеу толық аяқталды. Барлық ұзындығы 954 шақырым болатын трассаның 215 шақырымында жаңа асфальт төселді.Жалпы, жыл басынан бері өңірде барлық деңгейдегі 1 100 шақырым жол жөнделді, деп жазады Qazaqstan Media.
«Жезқазған – Петропавл» республикалық тас жолыныңы әлеуметтік-экономикалық маңызы зор: тәулігіне мұнда 3 мыңға дейін көлік қатынайды.
«Биыл республикалық маңыздағы 47 нысанда 214 рет бақылау-қадағалау шығуы ұйымдастырылған. Тексеру барысында 197 ақау анықталып, оның 117-сі қалпына келтірілді »,-дейді СҚО бойынша «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК филиалының директоры Жолдыбай Тентеков.
Жұмыс сапасын бағалау үшін 1 556 сынама алынған. Оның ішінде 129-ы нормативке сәйкес келмеген. 538 сынама бойынша кемшіліктер анықталып, тиісті түзетулер жасалды. Қазіргі уақытта жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына бақылау жалғасып жатыр. Мердігер ұйымдарға қалған ақауларды жою жөнінде нұсқамалар берілді.
Тағы оқыңыз: СҚО-дағы қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың 70 пайызы «Севказэнерго» АҚ-ға тиесілі

