Облыс жолдарында жеті күннің ішінде бес жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жайсыз жайттардың алдын алу мақстатында полицейлер еріктілермен бірлесіп, жүргізушушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазір ауа райын болжау синоптиктердің өзіне де қиын болып тұр. Кеше күн суытып, жел соғып, қыстың қаһарын сезініп едік. Бүгін құдды бір көктем келгендей, жаңбыр жауып тұр. Сондықтан, жүргізушілер жолда жүру ережесін қатаң сақтауы тиіс.
Жолдағы қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлер мен қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары жүргізушілермен тілдесті. Түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жол жүру ережелері жазылған кітапшалар таратты. Тәртіп сақшылары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп қана қойған жоқ, пайдалы кеңестерін де айтты.
Мәселен, жолға шыққан адам шаршаған жағдайда кемінде 15-20 минут көзін демалдыру қажет. Тағы бір ескеретін жайт, жүргізушінің дәл қасында отырған жолаушы да қалғымауы қажет. Бұл рөлдегі адамның өзін ұйқыға тартады. Асфальт үсті тайғанақ екенін ескерсек, жүргізушілер екі есе сақ болғаны абзал.
«Құрметті көлік жүргізушілері! Жол ережесін қатаң сақтауларыңызды сұраймын. Сіз қателік жіберсеңіз, жолаушылар зардап шегуі мүмкін. Естеріңізге салайық, сізді үйде жақындарыңыз күтіп отыр», — деді СҚО ПД ППБ аға инспекторы Данияр Сәрсекеев.
Тәртіп сақшылары мен қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта білім ұяларын аралап, бастауыш сынып оқушыларымен кездеседі.
«Балалар бағдаршамнан өткен кезде аса сақ болуы қажет. Себебі, айнала көктайғақ, көліктер тоқтай алмай қалуы мүмкін. Осы апта бойы қала мектептерін аралаймыз. Адам көп жүретін жерлерге барып, түсіндірме кітапшаларын таратамыз», — деді Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Әбдин.
Осы ретте сандарды сөйлетсек, соңғы бір апта ішінде облыс жолдарында бес жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан алты адам зардап шекті.
Тағы оқыңыз: 2026 жылы қазақстандықтар ең ұзақ демалатын ай белгілі болды

