Бөліп-төлеу, микро және банк несиелері. Қала тұрғыны Мария Степанова осының барлығын жақын құрбыларына, көршілері мен әріптестеріне және басқа адамдардың атынан алған. Нәзікжандылардың барлығы оған сенген. Тиісінше, өздері пайда көргісі келген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі «Время» газетіне сілтеме жасай отыра.
Талай рет айтылған қаржылық пирамида жүйесі біреулер үшін табыстың көзі, енді біріне күмәнді болып көрінді. Бірақ, соңына келгенде барлығы «оңай табысқа» қызығып, айлакердің құрбаны болды.
«Біздің күшіміз — бірлікте»
Барлығы WhatsApp-та ашылған «Біздің күшіміз — бірлікте» деген топтан басталды. Онда жеті адам болған. Бірақ, зардап шеккендердің бірі де жоқ. Топқа Степанова 2022 жылы кірген. Instagram-нан жеке кәсіпкерлікті маркетплейстерде дамыту арқылы табыс табуға болатыны жайлы хабарландыруды көріп, қызығушылық танытқан.
Топ мүшелеріне қойылған талап қарапайым болды: тауардың сатылуын, жақсы пікірлер мен кредитті мақұлдауларын арттыру. Тауар неғұрлым жиі сатылса, дүкен соғұрлым танымал болады. Осыдан кәсіпкерлер рейтинг пен пайыз алса, көмекшілерге де «сыйақы» берілетін болған.
Степанова өз таныстары мен құрбыларына ештеңе істемей-ақ табыс табуды ұсынады. Белгілі бір интернет-дүкендерден тауар таңдап, оны банк қосымшасы арқылы бөліп төлеуге рәсімдейтін. Сатушы төлем шотын қашықтықтан жіберетін, ал сатып алушы оны жауып, 18-33% көлемінде бонус алатын. Кәсіпкерлерге 15-22% пайда кетіп жүрді. Қалған табыс салықтан кейін Степанованың қалтасына түсіпті.
2024 жылдың мамырында бұл схема жұмыс істей бастады. 31 жастағы Мария Степанова жеке кәсіпкер болған, адал жұмыс істейтін. Бірақ, әділ жолмен табыс табу қиын болған соң, ол басқа жолды таңдайды.
Алғашқы құрбан – айлакердің бұрынғы әріптесі Любовь Шипелева. Ол 410 мың теңгеге тауар таңдап, қосымша арқылы бөліп төлеуге несие рәсімдеген. Жарты сағаттан кейін-ақ 60 мың теңге көлемінде бонус алған. Оңай ақша оны одан әрі азғырып әйел тағы жеті рет несие алған. Нәтижесінде оның мойнына 2 миллион 140 мың теңгеден астам қарыз ілінді.
Шипелева бұл схеманы әпкесі Анастасия Кириченкоға да айтып береді. Ол бастапқыда бұл алаяқтық екенін айтып, бас тартқанымен, Степанова оны да сендіре алған. Сөйтіп Кириченконың атына 1,6 миллион теңгеге бөліп төлеу рәсімделген.
Айлакердің жұмысы алға басты. Әр апта сайын жаңа құрбан тапты. Табыс та біртіндеп көбейіп отырды.
Келесі құрбан – бұрыннан таныс, жақын досы Кристина Сардина. Нәзікжандыны айлакер бір ай бойы көндірген.
«Алғашында 580 мың теңгеге бөліп төлеу рәсімдеп, 200 мың теңге бонус алады. Бірақ бір күннен кейін тағы бір бөліп төлеу нәзікжандының келісімінсіз рәсімделеді», — делінген іс материалында.
980 мың теңге несие алсада бонус түспегенін көрген зардап шегуші бірден күмәнданады. Бірақ, Степанова құрбысын тыныштандырып, неше түрлі сылтау айтты.
«Зардап шегуші Степановаға 2024 жылдың бесінші қазанына дейін барлық несиені жабуды талап етті. Айлакер оған сілтеме жіберіп 580 мың теңгеге бөліп төлеуді алуды ұсынды. Бірақ, несие берілмеді. Алайда 520 мың теңгені жазған кезде зардап шегушіге үшінші несие рәсімделді», — делінген іс матермалында.
Мария Степанова оған барлық несиені жауып беремін деп уәде берген. Любовь Шипелеваны үлгі көрсетіп, менің арқамда үй алды деп алдаған. Бірақ, Кристина Сардина Шипелеваға хабарласып мән-жайды сұраған. Соңғысы оған бәрі жалған екенін айтқан.
Алдау жоспары
Степанова құрбандарын тағы да алдамақ болады. Сардинаға қосымшаны өшірсе барлық несие жойылатынын айтыпты. Бірақ, нәзікжанды қосымшаны қайта жүктеген кезде қарыздардың ешқайда кетпегенін көрген.
Қараша айында барлығына несиені жабу қиынға соқты. Олар бірден бөліп төлеу рәсімделген кәсіпкерлерге хабарласты. Оларға бұл ұнамай, Степанованы топтан шығарып жіберген.
Степанова 10-нан астам адамға бірнеше бөліп төлеу рәсімдеген. Айлакер жаңа тәсіл ойлап тапты. Жаңа құрбандардың ақшасы арқылы ескі қарыздар жабылып отырды — нағыз пирамида принципі. Степанова барлығы 13 әйелді алдаған. Кейбірімен бұрыннан таныс болмаса да, олар оған сеніп, өз аттарына несие мен бөліп төлеу рәсімдеген. Тіпті, қанша бонус түсетіні жайлы білу үшін өздері хабарласқан.
Мысалы, Чебакова А. В. атына 5,3 миллион теңгеге бөліп төлеу және микронесиелер рәсімдеген. Ол үш миллион теңгелік несие туралы банк хабарламасынан білген. Степанова «бұл – фейк» деп алдауға тырысқан. Сосын жалған чекпен ақша жібергенін дәлелдеуге тырысады. Бірақ банк түбіртектің жалған екенін анықтаған.
«2024 жылдың қазанында Чебаковаға «Jusan банктан» хабарласып, несие төленбегенін айтқан. Нәзікжанды мән-жайды түсінбей, мекемеге барған кезде мамандар оған 19 қыркүйек күні үш миллион теңге несие рәсімделгенін айтқан», — делінген іс материалында.
Чебакова бірден Степановаға хабарласқан. Бірақ айлакер оны жалған ақпарат деп сендірген. Сол сәтте келіншек барлық несиені жабуды талап еткен.
Бір аптадан кейін Степанова Чебаковаға «Форте банктан» екі миллион алты жүз мың тенге түскендігі жайлы хабарлама келген. Бірақ қосымшаны ашып қараған кезде ақша болмаған. Ол бірден банк өкілдерінің көмегіне жүгінген. Мамандар оған жалған хабарлама екенін жеткізеді.
Бұл айласы жүзеге аспаған соң Степанова қолхат жазып, бірінші қазанға дейін төрт жарым миллион теңгені жауып беретінін айтты. Бірақ қарыздың бір бөлігін ғана жауып, түрлі сылтаулар айтып, қашқақтап жүріпті. Чебакова Степанованың кесірінен төрт миллион теңгеге шығынға батады.
Үкім шықты
Сот барысында Степанова тек материалдық шығын келтіргенін айтып, алаяқтық жасағанын мойындаған жоқ. Ол схеманың расымен де жұмыс істейтінін, тек біраз күту керектігін айтты. Судья айлакерді кінәлі деп танып, мынадай үкім шығарды.
«Степанова Мария Сергеевна ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлімі, 1 және 4 тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылсын. Қылмыскер жазасын қауіпсіздігі орташа ҚАЖД мекемесінде өтесін», — деді сот.
Степановаға биыл Конституцияның 30-жылдығы болғаны үлкен көмек болды. Осының арқасында оның жазасы екі жыл сегіз айға дейін қысқарды. Оған барлық қарызды қайтаруға бес жыл уақыт берілді.
Сот бес әйелдің азаматтық талап-арыздарын қанағаттандырды. Степанова оларға 6 миллион теңгеге жуық қаражатты өтеуге міндеттелді. Қалған жәбірленушілермен ол азаматтық тәртіппен есептесетін болады.
Жалпы алғанда, Степанова өз атына емес, өзгелердің атына 20 миллион теңгеден астам сомаға бөліп төлеу, микронесие және несиелер рәсімдеген.
Тағы оқыңыз: Петропавлда белсенділер ерекше балалар тәрбиеленетін орталық маңын тазалады