Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері тіркелмеген мылтықпен заңсыз аңшылық құрып, екі сібір елігін атып алған браконьерлерді ұстады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО полицейлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Аққайың ауданының аумағында өткен осындай кезекті рейдтердің бірінде олар орман ішінен мылтық даусын естіп, көліктің жарығын байқап қалды.
«Түнде көруге мүмкіндік беретін арнайы құрылғының көмегімен екі адамның сұлбасын көрген. Олар атып алған жануарды көлікке тиеп жатқан», — деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының құрамындағы табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асхат Қожабаев.
Кейін тәртіп сақшылары «Audi» автокөлігін тоқтатты. Оның ішінде ауданның 31 және 37 жастағы екі тұрғыны отырған. Көліктің жүксалғышынан екі сібір елігі табылды. Ер адамдардың аңшылықпен айналысуға рұқсат беретін құжаттары болмаған.
«Ал көліктің салонынан оқсауытына 5 патрон салынатын 12-ші калибрлі тегіс ұңғылы «МР» мылтығы, қызғылт түсті дақтар бар пышақ тәркіленіп алынды. Мылтық күдіктілердің ешқайсысының атына тіркелмеген болып шықты. Олар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — делінген хабарламада.
Тағы оқыңыз: СҚО-да төрт күн бұрын жоғалған қария әлі табылған жоқ