СҚО-да бірінші қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осы аралықта 500 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттануы тиіс, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Науқан желтоқсанның аяғына дейін жалғасады. Әскерге 18 бен 27 жас аралығындағы жігіттер шақыртылады. Қызмет мерзімі — 12 ай.
Екінші қыркүйектен бастап облыста 14 әскерге шақыру комиссиясы жұмысын бастады. Оның 12-сі аудандарда орналасқан.
«Күзгі әскерге шақыру аясында облыстан, жоспарға сәйкес, шамамен 500 жасөспірім әскерге шақырылады.Науқанның алғашқы кезеңінде ҰҚК Шекара қызметіне қарасты бөлімдерге 25 адамды жөнелту жоспарланған. Сонымен қатар, осы аралықта жастар Ұлттық ұланға, Қарулы Күштерге, Мемлекеттік қорғаныс қызметіне және ТЖ қызметіне аттанатын болады»,- деп хабарлады СҚО қорғаныс істері департаменті.
Жастар әскерге шақыртуды SMS арқылы алады. Шақырылушы хабарлама келгеннен кейін 3 күн ішінде өзі тұрып жатқан жердегі әскери бөлімге барып, медициналық тексерістен өтуі тиіс. Егер азамат әскерден жалтарса, ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті, бір жылға темір тордың ар жағына тоғытылуы мүмкін.
2022 жылы Қорғаныс министрлігі еліміздегі 70 жоғары оқу орнымен келісімшартқа отырды. Оның негізінде Отан алдындағы борышын өтеген жандар білім ордаларында білім ала алады.
Тағы оқыңыз: Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер Жұмағали Тілеулиннің туғанына — 135 жыл