СҚО-да «Тұқым-2026 Қызылжар» халықаралық конференциясы өтті
Шетелдік және қазақстандық диқандар мен тауар өндірушілер теріскейде бас қосты. Петропавлда «Тұқым-2026 Қызылжар» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Айтулы шарада ауыл шаруашылығы саласында зор жетістікке жеткен жандар солтүстікқазақстандықтармен тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар тұқымды дұрыс таңдау, өсу кезіндегі ерекшеліктер, қорытынды нәтиже бойынша маңызды кеңес берді.
СҚО-да «Тұқым-2026 Қызылжар» халықаралық конференциясы өтті
«Конференцияны өткізудегі мақсат — диқандарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, арадағы ынтымақтастықты арттыру. Мәселен, диқандарымыз сапалы тұқым үшін шет мемлекеттерге барады. Ол — біршама шығын және уақыт. Бүгінгі шарада еңбеккерлер сатушылармен тікелей сөйлесіп, келісімшарт жасаса алады», — деді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Токужинов.
Конференция аясындағы көрмеде 50-ге жуық компания өкілдері 150-ден астам тұқым түрін ортаға қойды. Оның ішінде дәнді және майлы дақылдар және бұршақ тұқымдастар да бар. Шарада Ресейдің Қорған облысынан әкелінген тұқымға сұраныс көп болды.
Аталған аймақтан шыққан өнімнің бір ерекшелігі ауа райын таңдамайды. Бұл диқандарымыз үшін — аса қажет. Себебі, теріскейдің ауа райы — құбылмалы. Бірде толассыз жаңбыр жауса, келесі күні шыжыған ыстық болуы мүмкін.
СҚО-да «Тұқым-2026 Қызылжар» халықаралық конференциясы өтті
«Компаниямыздың құрылғанына 30 жылдан асты. Біздің өнім Қазақстанда сұранысқа ие. Диқандар қашанғы ауа райын ойлап, уайымдап жүреді. Сол себепті, бидайдың «Сорго» атты тұқымы түрін шығардық. Бағасы басқаларынан 15 пайызға қымбат. Бірақ, мол өнім алуға мүмкіндік береді», — деді «Агрокомплекс Кургансемена» компаниясы директорының орынбасары Артем Моргунов.
Әрине, сапалы тұқым — мол өнім кепілі. Бірақ, ол үшін тұқымға ғана сенудің қажеті жоқ. Қажырлы еңбек, сапалы техника мен минералды тыңайтқыштар және химиялық қоспалар да маңызды рөл атқарады. Ұйымдастырушылар осыған ерекше мән берген.
Көрмеде диқандарға арналған дүниелердің бәрі бар. «Rinchen Agro Kazakhstan» серіктестігі ел диқандарын гербицидпен қамтамасыз етіп отыр. Олар химиялық қоспаны тікелей қытайлық зауыттан әкеледі екен.
СҚО-да «Тұқым-2026 Қызылжар» халықаралық конференциясы өтті
«Біздің гербицидтердің экологияға мүлдем зияны жоқ. Бес күнде арамшөптің кез келген түрін өлтіреді. Басқалары 20 күнде бір-ақ нәтиже береді», — деді «Rinchen Agro Kazakhstan» ЖШС сату жөніндегі менеджері Мерей Нұрқожа.
Халықаралық конференцияға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі қаз-қатар тізілген компаниялардың шығарған өнімдерімен танысты. Конференцияда ауыл шаруашылығына толықтай жасанды интеллектіні енгізу мәселесі қозғалды. «Заман игілігінің арқасында жыл сайын мол өнім алуға болады», — дейді өңір жетекшісі.
Ауыл шаруашылығы жалпы өңірлік өнімнің 25 пайызын құрайды. Былтыр жергілікті шаруалар қамбаға 6 млн 600 мың тонна астық құйған. Көрсеткішті одан әрі арттыру үшін мұндай шараларды жиі өткізу қажет деді жиынға қатысушылар.