«Адалдық жүрген жерде — адамдық бірге жүреді», — дейді дана халқымыз. Осы ұстанымды ту еткен жас өрендер бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен «Әлемді жемқорлыққа қарсы біріктірейік» атты сурет байқауының қорытындысына жиналды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Таланттардың жұмысы жолданған конкурс бір айға созылды. Оған қала мектептерінің оқушылары адалдық пен әділдік тақырыбындағы еңбектерін жіберіпті.

«Мен суретімде банк маңын торуылдап жүріп, ғимарат ішіндегі ақшаны қолды етуге тырысқан адамды бейнеледім. Бұл туындыны қиялыма ерік беріп, жалғыз салдым. Жүлдеге ие боламын деп ойлаймын», — байқауға қатысушы Артем Левенец.
Жастардың еңбектері сан қырлы ой мен терең мағынаны қамтыды. Өз кезегінде қазылар алқасына жүлдегерлер мен жеңіпаздарды анықтау оңай болмады. Олар ұзақ ойланды, ерекшеліктерге мән беріп, үздіктерді марапаттады. Байқау жеңімпаздарына тәтті сыйлықтарды «Радуга» серіктестігі ұсынды.

«Байқау жас оқырмандардың қызығушылығын тудырып, адалдық пен әділеттілікке баулуға бағытталған. Олар өздерінің шығармашылықтары арқылы шынайылыққа, әділеттілікке және мейірімді әлемге деген көзқарастарын білдірді», — Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі Диана Ерсайынова.
Сонымен қатар, қонақтар назарына «Сіздің заңды мүддеңіз» атты кітап көрмесі ұсынылды. Онда әділ қоғам құрудың мәні мен маңызына арналған еңбектер қойылған.
Тағы оқыңыз: Петропавлда коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

