СҚО-да бірінші желтоқсаннан бастап шырша күзеті күшейтілді. Науқан аясында редакциямыздың тілшісі «Қызылжар» орман шаруашылығына барып, маңызды жұмыспен танысып қайтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жаңа жыл жақындаған сайын өңірде шырша саудасы қызады. Сатылатын қылқанжапырақтылар Ресейден әкелінсе де пысықайлар табысқа заңсыз жолмен кеңелуі мүмкін. «Қызылжар» орман шаруашылығында құрылған стационарлық бекеттер мен арнайы мобильді топтар мереке көркін келтіретін ағашты асқан қырағылықпен қорғайды.
Табиғат жанашырлары 31-ші желтоқсанға дейін күні-түні кезекшілік жасайды. Тұрақты түрде рейдке шығады.
СҚО-да шырша күзеті күшейтілді
«Шаруашылығымыздың жалпы ауданы 68 мың гектарды құрайды. Мекемеде барлығы — 67 адам жұмыс істейді. 30-ға жуық техникамыз бар. Барлығы тегеурінді. Қалың ұлпа түссе, қар кешкіш көлігіміз бар. Айта кетейін, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 жылдың ішінде 6 млн көшет отырғыздық. 2027 жылы бұл көрсеткішті 10 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді «Қызылжар» орман шаруашылығының инженері Маргарита Матюхина.
«Орман көркі — ағаш» деп бекерден-бекер айтылмаған. Қылқан жапырақтылар бір жылдың ішінде жайқалып шықпайды. Толықтай өсуіне ондаған жылдар қажет. Сол уақыт ішінде жасыл желекті көздің қарашығындай сақтайтын осы мамандар.
СҚО-да шырша күзеті күшейтілді
«Орман шаруашылығында еңбек жүргеніме 12 жылдан асты. 2 сағат сайын аумақты аралаймыз. Орман маңында көлік тұрса бірден тексереміз. Заңсыз әрекеттердің орын алуына жол бермейміз, — деді «Қызылжар» орман шаруашылығының орманшысы
Шындығын айтқанда, орманшылардың қоршаған ортаға қосатын үлесі өлшеусіз. Табиғат жанашырлары техникамен толық қамтамасыз етілген. Олар мына бекетке келіп, орталыққа жағдайды баяндап отырады.
СҚО-да соңғы 4 жылдың ішінде заңсыз шырша кесу фактісі тіркелмеген. Тұрғындардың құлағына алтын сырға! Қылқан жапырақты рұқсатсыз кесілсе 100 АЕК, яғни 393 мың 200 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Айта кету керек, облыс бойынша маңызды жұмысқа 10 стационарлық бекет пен 90 мобильді топ жұмылдырылған.