СҚО-да Qnet қаржы пирамидасын құрғандар сотталды

Петропавл қалалық соты өңірде Qnet қаржы пирамидасын құрып, 110 солтүстікқазақстандықты алдаған бес азаматқа қатысты үкім шығарды. Олар тұрғындарға 107 млн теңге көлемінде шығын келтірген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Жарты жылға жуық уақытқа созылған сот процессі бүгін аяқталды. Судьяның айыпталушыларға қандай үкім шығарғандығын тыңдауға ондаған адам келген. Олардың дені жәбірленушілер.

СҚО-да Qnet қаржы пирамидасын құрғандар сотталды

 

Qnet қаржы пирамидасын құрып, тұрғындарды сан соқтырып кеткендердің арасында ІІМ-нің екі зейнеткері бар. Ол — Наурызбек Исин мен Сансызбай Сыздықов. Алғашқысы тіпті бір кездері облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары да болған. Сондай-ақ айыпталушылардың қатарында облыстық полиция департаменті госпитальінің медбикесі Әсел Елубаева мен ағалы-қарындасты Райхан және Еркін Камалиевтер бар.

Сот отырысы барысында айыпталушылар өз кінәсін мойындамады. Дегенмен судья Qnet қаржы пирамидасын құрған Еркін Камалиевті алты жыл жеті айға соттады. Оның  қылмыстық жолмен тапқан ақшаға алынған Shacman көлігі тәркіленді. Райхан Камалиева мен Наурызбек Исин де алты жыл жеті айға колонияға аттанды. Ал Әсел Елубаева бес жылға бас бостандығынан айырылды. Одан Toyota Camry көлігі тәркіленді. Сансызбай Сыздықов та алдағы бес жылын темір тордың ар жағында өткізеді.

Сонымен қатар, ІІМ ардагерлері Наурызбек Исин мен Сансызбай Сыздықов полковник және подполковник шендерінен айырылды. Ал осыған дейін үйқамақта болған Әсел Елубаев мен Райхан Камалиева сот залында қамауға алынды.

СҚО-да Qnet қаржы пирамидасын құрғандар сотталды

Үкімді оқыған соң судья Алмас Жұмағазин барлығына шығарылған шешімді түсіндірді.

«Сот сотталушылардың 2018-2022 жылдар аралығында Qnet қаржы пирамидасының өңірдегі филиалын құрғанын және басқарғанын анықтады. Оның қызметіне облыстың 110 тұрғыны тартылды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 106 млн 920 мың теңгені құрады. Сотталушылардың кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің келтірген айғақтары және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденген. Қаржы пирамидасының басшылары мен ұйымдастырушылары өз жұмысын маркетинг, электрондық сауда қызметі ретінде таныстырған. Сөйтіп, адамдарды сендіріп, ешкімге қажет емес өнімдерді алуға итермелеп, олардың сұранысқа ие екенін дәлелдеуге тырысқан», — деп түсіндірді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

Сондай-ақ шешім шығарарда сот жеңілдететін жағдайлар ретінде Камалиев, Исин және Елубаеваның кішкентай балалары барын ескерген.

«Бірақ сот олардың іс-әрекеттерінде өкіну мен кінәсін мойындауды байқамады. Осыны және жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуді ескере отырып, сот сотталушыларға шартты жазаны тағайындауды мүмкін емес деп санады», — деп нақтылады судья.

Әсел Елубаев сот залында көз жасына ерік берді. Жалпы, сот отырысы айқай-шумен аяқталды. Қос тарап бір-бірін қарғап, тілдеді.

Жәбірленушілер келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық шағым түсірген.

Айта кету керек, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тағы оқыңыз: Новоишим ауылында вагондарды жөндейтін депо салынып жатыр

Поделиться:

Shares
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x