«Ақан сері» орман шаруашылығының қызметкерлері АИ-92 маркалы бензиннің литрін 16 696 теңгеге сатып алмақ болған. Мемлекеттік сатып алу бағасын асыра көрсеткен өзге де мекемелер жайлы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы журналистерге брифинг барысында айтып берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жыл басталғалы мемлекеттік сатып алу бағасын асыра көрсетудің 63 фактісі тіркелді. Осындай әрекетке барған 34 орган бағаны төмендеткен. Нәтижесінде, 1,4 млрд. теңге үнемделді. Мысалы, «Ақан сері» орман шаруашылығының қызметкерлері АИ-92 маркалы бензиннің бір литрін 16 696 теңге деп көрсеткен. Іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласқан соң ғана олар жоспардың 4 тармағын қайта қарастырған. Осылайша, 664,5 млн. теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмеді.
«Айыртау ауданының білім бөлімі жылыту қазандықтарының бір данасы үшін 30,7 млн. теңге төлемек болған. Жалпы сома — 307,6 млн. теңге. Біздің мамандар әрекет еткеннен кейін ғана олар мемлекеттік сатып алу жоспарына осы тармақ бойынша өзгерістер енгізді. Нәтижесінде 279,3 млн. теңге үнемделді», — деді Сергей Перов.
Ал Жамбыл ауданы Пресновка ауылдық округі әкімінің аппараты 7,5 млн. теңгеге орындық сатып алмақшы болды. Бюджеттің тиімсіз жұмсалуына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жол бермеген. Сөйтіп, 6,7 млн. теңге үнемделді.
Тағы оқыңыз: Аудандық білім бөлімінің есепшісі ақшаны «өлі жандардың» шотына аударған