Петропавлда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Биылғы сайысқа өңір бойынша ынтымағы жарасқан 100-ден астам әулет қатысты. Соның 28-і шешуші сынға жолдама алған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Аудандық кезеңнен сүрінбей өтіп, облыстық байқауға жеткен отбасылардың бірі — Жанахметовтер жанұясы. Отағасы Талғат Жанахметов жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеген. Екеуі де өмірін ұстаздыққа арнапты. Қоса алғанда еңбек өтілдері 80 жылдан асады.

«Бес баламда біздің жолымызды қуып ұстаздық жолды таңдады. Қазіргі таңда бейнеттің зейнетін көріп отырмыз. Біз Бала тәрбиесіне ерекше көңіл аударамыз. Ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіруді құп көреміз»,- деді отағасы Талғат Жанахметов.
Мәдени шара жүргізушілері біртіндеп байқау жеңімпаздарын хабарлады. Үшінші орын петропавлдық Ахметжановтар жанұясына бұйырды. Тұғырдың екінші сатысынан Мамлют ауданынан келген Кустовых отбасы көрінді. Ал бас жүлдені шалақындық Өзбековтер әулеті иеленді. Жүзден жүйрік атанған үйелмен өңір намысын республикалық кезеңде қорғайды.
«Байқауда жеңімпаз атанамыз деген үмітіміз болды. Себебі өзімнің, жұбайымның, балаларымның жетістігі жетерлік. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Облыс намысын абыроймен қорғауға уәде береміз»,- деді отанасы Кәмшат Өзбекова.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «қаңтар оқиғалары» кезінде ұрланған қару табылды