Солтүстік Қазақстанда төрт жыл бұрын ғана жөнделген ауылішілік жолды қайтадан қалпына келтіруге биыл тағы қаржы бөлінбек. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Әділдік жолы» РҚБ СҚО бойынша филиалының жетекшісі Айнагүл Нұрахметова жазған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сәуір айының 9-ы күні мемлекеттік сатып алу порталында Ақжар ауданының экономика және қаржы бөлімі орналастырған хабарландыру пайда болды. Олар 208, 5 млн теңгеге Талшық ауылындағы сегіз бірдей көшені жөндемекші екен.
«Техникалық құжатқа сай жөндеу жұмыстары Иманов, Біржан сал, Вокзальная, Строительная, Заводская, Луговая, Юбилейный және Студенческий көшелерінде жүргізіледі. Мұнда жөндеу шаралары 1969 жылдан бері жасалмаған деп көрсетілген», — дейді Айнагүл Нұрахметова.
Алайда қуануға ерте екен. Өйткені, Талшық ауылдық округі 2020 жылы ауылішілік жолдарды жөндеуге 83 млн теңге бөлген. Бұл қаржыға Иманов, Біржан сал, Заводская, Юбилейная, Луговая көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал мердігер компанияның берген кепілдік мерзімі былтыр ғана аяқталған.
«Өзім Талшық ауылында көктемде ғана болдым. Жолдың жөнделгендігі көрінбейді. Кей учаскілерде тіпті, асфальт-бетон жабындысы да жоқ. Сонда Талшық ауылдық округінің әкімдігі ауылда не болып жатқандығын білмейді ме? Әлде 2020 жылы ғана жөндеу болғандығын ұмытып қалды ма? Жасалған жұмыстарды қалай қабылдап отыр? Осы мәселеге қатысты біздер тиісті органдарға өтініш жолдадық. Мұндай бассыздыққа жол берілмеуі тиіс. Заң бәріне ортақ», — делінген жазбада.
Осыған дейін Qazaqstan Media редакциясы Аққайың ауданына қарасты Астрахан ауылдық округінің әкімі мердігер компанияға тындырылмаған жұмыс үшін ақша аударып жібергендігін жазған болатын. Бұл фактіні де «Әділдік жолы» РҚБ филиалының жетекшісі Айнагүл Нұрахметова хабарлады.
Тағы оқыңыз: СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары ауысты