23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осыған орай С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында мерекелік іс шара өтіп, 32 қызметкер марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл күні полицейлерге 41 қызметтік көліктің кілті табыс етілді. Оны СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов табыс етті. Ол сертіне адал қызметкерлерді мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Сіздерді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өз өмірлеріңізді елдің дамуына, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етуге арнап келесіздер. Бұл салада еңбек ету оңай емес. Ол аса жауапты да, қауіпті сала. Құрметті полиция қызметкерлері сіздерді осы мерекемен құттықтай отыра ел қауіпсіздігін сақтау жолында еңбектеріңізге табыс тілеймін», — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Кәсіби мерекесі қарсаңында Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Асылбек Тоқтамысов кезекті полковник шеніне ие болды.
«Әріптестерімді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Бәріне сәттілік тілеймін. Еліміз тыныш отанымыз аман болсын. Мен осы СҚО Петропавл қаласы ІІБ-да 2006 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Бүгін міне, мерекеге орай маған полковник шенін беріп жатыр. Еңбегімнің еленгеніне өте қуаныштымын», — деді Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Асылбек Тоқтамысов.
Тағы оқыңыз:СҚО-да егістік алқаптарын химиялық өңдеуге 11,3 млрд теңге қаражат бөлінген