Солтүстік Қазақстанда елікті атып алған браконьер ұсталды. Ол Петропавл қаласының 40 жастағы тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
М. Жұмабаев ауданының полиция бөліміне орманда атыс болғандығы туралы хабар келіп түседі. Оқиға болған жерге дереу жеткен учаскелік инспекторлар Гаврино ауылының маңындағы орман алқабынан нөмірсіз «Урал» мотоциклін тапты. Оның ішінде 12 калибрлі 10 патрон болған Сондай-ақ ағашқа ілінген еліктің ұшасы анықталды. Ал браконьер жасырынып үлгерген.
«Қылмысты ашуға аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті бірден қолға түсті. Ол Петропавл қаласының 40 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның тіркелмеген аңшылық мылтығы тәркіленді. Қазіргі уақытта заңсыз аң аулау фактісі бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалды. Ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — деді М. Жұмабаев аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жанат Рахметов.
Жыл басынан бері СҚО-да заңсыз аң аулаудың алты фактісі тіркелді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «Мектепке жол» акциясы аясында жастар 90 балаға көмектеспек