Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік желілердің тозуы түйткілді мәселелердің бірі болып отыр. Өңірде электр желілерінің 88 пайызы тозған. Оны 40 пайызға дейін төмендету үшін 3400 шақырымды жаңғыртуға 818 миллиард теңге қажет. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында айтылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
«Солтүстік-Қазақстан ЭТК» АҚ компаниясы өңірдің 8 ауданын (Аққайың, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Тимирязев, Шал ақын) мен Петропавл қалсын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Ал «Көкшетау Энерго» ЖШС Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов аудандарына электр энергиясын таратады. Электр желілерінің жалпы ұзындығы 23,3 мың км (Солтүстік Қазақстан ЭТК 13,06 мың км, Көкшетау Энерго 10,2 мың км). Өңірде электр желілерінің 88 пайызы тозған.
«Жыл сайын тозу көрсеткіші 2,3-2,6 пайызға өсіп отыратынын ескерсек, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 пайызға төмендету үшін 80,2 млрд теңге қажет. Ал электр желілерінің тозуын 40 пайызға дейін төмендету үшін 818 миллиард теңге қаржы қажет. Ол 3400 шақырым желіні жаңартуға жетеді. Монополист компания проблеманы өздігінен шеше алмайды. Оған қаржы жетіспеушілігі кедергі. Оның үстіне қолданыстағы несиелік міндеттемелердің салдарынан екінші деңгейдегі банктерден несие ала алмай отыр. Яғни, мемлекеттің қолдауынсыз жағдай ушыға түспек», — деді облыстық әкімдікте өткен жиында аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Еске сала кетсек, Қазақстан президенті халыққа арнаған биылғы жолдауында энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту қажет екенін айтқан болатын. Бұл орайда облыста электр желілерін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыстағы он бес ауыл мен жеті ауданда 4,4 млрд теңгеге электр желілерін салу және қайта жаңғырту жобалары әзірленді. Бұл жобаларды «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асыру жоспарланған. Алайда, ағымдағы жылы қаржы бөлінген жоқ.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 39 жастағы жүргізуші полицейлерге бағынбағаны үшін 25 күнге қамалды