СҚО-да денсаулық сақтау саласының ардагерлері құрметке бөленді. Салтанатты жиында оларды басқарма басшысы Сәкен Әмрин құттықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Салтанатты жиында 40-қа жуық маман марапатқа ие болды. Бұл жандар әрдайым жұрттың алғысына бөленген. Талай тұрғынның өмірін аман алып қалған.
«Сіздерсіз өңір медицинасын елестету мүмкін емес. Ардагерлерлің арқасында сала жоғары деңгейге жетті. Қазір еңбек етіп жүрген дәрігерлердің барлығы — сіздердің шәкірттеріңіз. Университетте алған білім бір бөлек, оны практикада жүзеге асыру бір бөлек. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәкен Әмрин.
Салтанатты шарада құрметке бөленгендердің бірі — Уәлихан Қаражігітов. Ол денсаулық сақтау саласында 53 жылдан бері еңбек етеді. Ардагер зейнетке шықса да әлі де жұмыс істеп келеді. Ол бала кезінен дәрігер болуды армандапты. Сол үшін талай жыл оқып, мақсатына жеткен.

«Дәрігер болу оңай емес. 53 жылдың ішінде талай адамға ота жасадым. Бір қателік жіберсең, науқастан айырылып қалуың мүмкін. Шынымды айтсам, бұрын сала ардагерлері ұмыт қалатын. Қазіргі таңда әрдайым мадақталамыз», — деді ардагер.
Тағы оқыңыз: СҚО ТЖД мамандары Қызылжар ауданында оқушылармен кездесті